405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бельгияда автобус пен трамвайға бетпердесіз мінгендер 250 еуро айыппұл төлейді

  • 134
  • UPD: 14:16, 25.05.2020

Еуропада коронавирустан ең қатты зардап шеккен елдердің бірі – Бельгияда соңғы уақытта індет құрбандарының саны азайып келеді.

Бір тәулікте мұнда 282 жаңа дерек тіркелді. 43 адам көз жұмды. Бұл өткен аптадағы тәуліктік көрсеткіштермен салыстырғанда, әлдеқайда аз. Ал жалпы корольдікте вирусты 57 мыңнан аса адамның жұқтырғаны расталды. Солардың 9 мыңы көз жұмды.

Жанат Эрнст, тілші:

– Эпидемиологиялық ахуалдың түзеле бастағанмен, Бельгия билігі халық сақтық шараларын бұлжытпай орындауға міндетті дейді. Тұрғындар қоғамдық орында бетперде тағып, ара қашықтықты сақтауы керек. Мұнда жолаушылар автобус не трамвайға бетпердесіз мінбеуі тиіс. Әйтпесе 250 еуро айыппұл төлейді.

Пойыз жолаушылары да вагон ішінде ғана емес, вокзалда да бетперде тағуға міндетті. Бұл жайында дауыс зорайтқыштар әлсін-әлсін ескертіп отырады. Ереженің бұзылмауын кондуктор мен полицейлер қадағалайды.   

Софи Уилмес, Бельгия премьер-министрі:  

– Карантинді жеңілдетудің үшінші кезеңі 8 маусымнан ерте басталмайды. Біз сарапшылар және тиісті сектор өкілдерімен ақылдаса отырып, шешім қабылдаймыз. Алдымен біртіндеп мейрамханалар ашылуы мүмкін. Тек осыдан кейін ғана дәмхана мен барлар жұмысын қайта бастай алады. Мұның бәрі қатаң санитарлық талаптарды орындау кезінде ғана мүмкін болады.

Ал 18 мамырда қайта ашылған мектептердегі жағдайға келетін болсақ, мұнда да оқушылар мен мұғалімдер бетперде тағуы тиіс. Қолды жиі жуып, 2 метр арақашықтық сақтау міндет. Ал сыныптағы оқушылар саны оннан аспауы шарт. Жалпы, мектептердегі сабақтар 30 маусымға дейін қысқартылған кесте бойынша жүргізіледі.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы