423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елде төтенше жағдай енгізілмейді – Қырғызстан Президенті

  • 328
  • UPD: 21:20, 01.07.2020

Қырғыз республикасы қазіргі ахуалға байланысты төтенше жағдай енгізбейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Парламенттік сайлау уақытында өтеді. Қырғыз президенті Сооронбай Жээнбеков осындай шешім қабылдады. Ол Жоғарғы Кенеш депутаттары алдында сөз сөйлеп, саяси жоспарларымен бөлісті.

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков парламентке екі себеппен келді. Бірінші себеп - жаңа үкіметтің ант беру рәсімі. Бұрынғы премьер-министр Мұхаммедқалы Абылгазиев радио жиіліктерін сатуға қатысты жемқорлық жанжалынан кейін өз еркімен отставкаға кеткен еді. Оның жақтастары да орындарын босатты. Ал премьер-министрдің орынбасары мен Денсаулық сақтау министрі коронавирустың өршуін шектей алмады. Жаңа үкіметтің антын қабылдаған Сооронбай Жээнбеков азаматтардың денсаулығы бірінші кезекте тұруы тиіс басты мәселе екенін атап өтті. Сонымен қатар қарапайым азаматтарды сақтық шараларын ұстануға шақырды.

Сооронбай Жээнбеков, ҚР президенті:

– Адамдар көп жиналатын жерлерде, сауда орталықтарында, қоғамдық көліктерде санитарлық-гигиеналық талаптар сақталмайды. Көптеген азамат бұқаралық шараларға қатысуда. Халық той-томалақ, жиындар өткізуін жалғастырып жатыр. Азаматтар өздеріне қандай қауіп төндіретінін түсінбейді. Қорқытып отыр деп ойлап, ресми ақпаратқа сенбейді. Сондықтан инфекциядан қорғану керек екенін еске салғым келеді.

Қырғызстанда соңғы тәулікте 439 азаматтан коронавирус анықталды. Күн сайын инфекция жұқтырғандар саны артуда. Бірақ президент Сооронбай Жээнбеков елде төтенше жағдай енгізілмейді деп мәлімдеді. Және үкіметтің қазіргі жағдайда халықты аурудан қорғауға мүмкіндігі бар екеніне сенім білдірді. Сонымен қатар президент министрлер кабинетіне парламенттік сайлауға дайындалуын тапсырды. Сайлау күні республикалық карантин енгізілгенге дейін 2020 жылдың 4 қазанына белгіленген. Бұл – президенттің парламентке келуінің екінші себебі.

Сооронбай Жээнбеков, ҚР президенті:

– Біз парламенттік сайлауға ауқымды дайындық жұмыстарын жүргіздік. Үкімет, парламент, азаматтық қоғам бұл процеске белсенді қатысты. Қолданыстағы заңдарға жаңа нормалар мен түзетулер енгізілді. Біз алтыншы шақырылымдағы Жоғарғы Кеңестің жаңа құрамын қалыптастыруымыз керек. Сайлаудың әділ әрі ашық түрде өтуін қамтамасыз ететін тиісті шараларды қабылдауымыз шарт.

Дегенмен пандемияға байланысты сәуір айына жоспарланған жергілікті депутаттар сайлауы өткен жоқ. Алайда Президент Сооронбай Жээнбеков аймақтық заң шығарушыларға қатысты ештеңе айтпады. Демек жергілікті мәслихат депутаттары сайлауының жақын арада өтуі екіталай.

Авторы: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы