420,31 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Британдықтар дүкен сөрелерін босатты

  • 143
  • UPD: 22:06, 23.12.2020

Ұлыбритания елі қазір оқшауланды. Себеп коронавирустың жаңа түрі. Қазірге дейін бұл елмен ондаған мемлекет арадағы көлік қатынасын тоқтатып, шекарасын жапты.

Мұндай жағдай британ халқының да мазасын кетіріп, үрейін ұшырған. Олар енді елде «азық-түлік тапшылығы туа ма» деп алаңдайды. Сондықтан жергілікті жұрт жаппай дүкен жағалап, ішер асын түгендеудің қамымен жүр.

Ұлыбританияда коронавирустың жаңа түрі пайда болғалы елдегі ахуал одан сайын нашарлап кетті. Олай дейтініміз, бір күнде 36 мың 800 адам қауіпті инфекцияға шалдығып, елде антирекорд орнады. Осыған байланысты билік өкілдері қосымша шектеу шараларын да жариялады. Сөйтіп, дерттен дүрліккен жұрт жаппай дүкенге ағылды.

Шарлотта, жергілікті тұрғын:

- Бұл вирус алдыңғысына қарағанда әлдеқайда жұқпалы. Сондықтан үрейі қашқан халық дүкенге ағылып, ішер асын алдын ала қамдап алуға тырысып жатыр. 

Коронавирустың жаңа түріне байланысты қазір әлем елдері Британиядан оқшауланып жатыр. Бүгінге дейін ондаған ел Біріккен Корольдікпен арадағы әуе сапарлары мен құрлықтағы көлік қатынасын тоқтатты. Сапарды Еуропа ғана емес, Үндістан мен Ираннан бастап, Аргентина мен Чилиге дейінгі талай мемлекет доғарды. Түркия, Кувейт, Жапония шетелдік жолаушылар үшін шекарасын мүлде жапқан. Өйткені жаңа штамм өз елдерінде тарап кете ме деп қауіптенеді.

Катсунобу Като, Жапония Министрлер кабинетінің бас хатшысы:

- Жақында Ұлыбританияда вирустың жаңа түрі пайда болып, елдегі жағдай тез ушығып кетті. Біз аталған вирустың Жапонияда өршуіне жол бермес үшін нақты шаралар қабылдамаймыз. Атап айтсақ, азаматтар өздерін қауіпсіз сезінулері үшін Ұлыбританиядан келушілерге шекаралық шаралар күшейтіледі. 

Жаңа штамм өзге елдерге де тарай бастаған. Мәселен, Бразилия. Мұндағы мамандар штамның Британиядан табылған түрімен қатты ұқсас екенін айтады. Соған қарамастан екі ел арасындағы әуе қатынасы тоқтаған жоқ. Тек 30 желтоқсаннан бастап Ұлыбританиядан келетін жолаушылар коронавирустың теріс нәтижелі анықтамасын көрсетуге міндеттеледі.

Хабар 24 телеарнасы