382,75 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҚР Еңбек сіңірген артисі Қ.Рахимованың 70 жылдығына орай байқау өтті

  • 249
  • UPD: 22:59, 08.06.2019

Шыңғырлауға әнші, термеші қыз-келіншектер жиналды. Батыс Қазақстандағы бұл ауданда өткен байқау Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қалампыр Рахимованың туғанына 70 жыл толуына орай ұйымдастырылған.

Өнер сайысы «Ақжайықтың Ақкербезі» деп аталыпты. Жергілікті өнерпаздармен қатар Ақтау, Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда және Орал өңірінен 18 бен 45 жас аралығындағы 12 үміткер қатысып,  бақтарын сынады.

Қалампыр Рахимова 1949 жылы Шыңғырлау ауданының Алмаз ауылында  дүниеге келген. Еңбек жолын Лубен ауылында бастады. Кейін Алматыға оқуға түсіп, әйгілі Ғарифолла Құрманғалиевтен тәлім алды. «Гүлдер» ансамблінде өнер көрсетті. Белгілі өнер тарландарымен бірге Англия, Сингапур, Бельгия және Жапония секілді әлемнің 10-нан аса елінде гастрольдік сапарларда болып, қазақтың дәстүрлі төл өнерін әлемге танытты. Жезтаңдай әнші 1988 жылы жол апатына ұшырап, небәрі 39 жасында көз жұмды.

Альберт Есалиев, Шыңғырлау ауданының әкімі:

- Негізгі жоқтаушысы осы аудан тұрғындары. Ол кісі аз өмір сүріп кейінге ұрпақ қалмаған. Өзімен бірге жүрген кезінде Алматыда үзеңгілес жүрген Гүлбаршын Жарылғасынова деген  апамыз сол кісі жоқтаушысы болып сол кісі алматыдан хабарласып, сол кісі мұрындық болып бастады. Ол осындай үлкен шығармашылық кештерді Алматы қаласында ұйымдастырып өткізген екен өз деңгейінде.

Соңғы 2 жыл қатарынан әншінің туған өлкесінде облыстық деңгейдегі байқаулар ұйымдастырылды. Аудандық мәдениет үйінде тақтайша орнатылып, орталық алаңда шағын ескерткіші бой көтерді. 

Қалима Еслямова,  Шыңғырлау ауданының тұрғыны:

- Апамызды біз Лубен орта мектебінде оқып жүргеннен әні құлағымызға таныс. Қалампыр апамыз әнін айтқанда еліне деген халқына деген сүйіспеншілігі, екпіндете отырып халықты өзіне тарта білгендігі әні әрқайсымызға ұнап еліктеп өсуші едік. Сүйсінеміз, тыңдаймыз, сағынамыз.   

Ал, республикалық сынға қатысқан 12 үміткердің де осалы жоқ. Екі кезеңнен тұрған байқау барысында олар әйгілі халық термешілері мен Қалампыр Рахымқызының шығармашылығынан әндер орындады. Жүлдегерлерге 65 мың мен 500 мың теңге аралығында ақшалай сыйлықтар мен дипломдар табысталды. 1-жүлделі орынды қызылордалық Нұрайым Ерталапқызы мен батысқазақстандық Лаура Мұхамбетжанова бөлісті. Ал, байқаудың бас жүлдесіне оралдық Нұргүл Қабиева ие болды. 

Назгүл Қабиева, байқау жеңімпазы: 

- Бас жүлде аламын деп ойлаған жоқпын, қазір толқу үстінде тұрмын. Мұхиттың «Зәурешін» айттым, сосын Сартай термесі,  екінші турда жеребе бойынша халық әні «Айжанай» түсті. Ғарифолла Құрманғалиев Қаламқасты айттым.

Қалампыр Рахимова шырқаған «Құдаша», «Бозбала», «Сәулем-ай» және «Ақ кербез» сынды ән-термелерінің жазбалары сақталған. Олар ғаламторда қолжетімді болғандықтан, дайындық барысында әбден тыңдап, өнер иесінің әншілік құдыретіне бас идік дейді байқау қатысушылары.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы