389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Қазақ поэзиясының інжу-маржандары» антологиясы жарыққа шықты

  • 309
  • UPD: 19:33, 28.08.2019

«Қазақ поэзиясының інжу-маржандары» атты антология жарық көрді. Бірегей топтама он үш кітаптан тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24»

Ақындарымыздың ең таңдаулы шығармалары жинақталған туындылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен басылып шықты. Бүгін тұсаукесер рәсімі өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында атқарылған мұндай іске еліміздің зиялы қауым өкілдері жоғары бағасын берді.

Бұл зор еңбек! Топтамаға қазақтың 13 ақынының шығармалары енгізілген. Атап айтсақ, антологияда Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Қасым Аманжолов, Жұбан Молдағалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Тұманбай Молдағалиев, Қадір Мырзәлі, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шахановтың ең таңдаулы өлеңдері бар.

Ұлықбек Есдәулет, ҚР Жазушылар одағының басқарма төрағасы:

Антология том-том болып шықты. Поэзияның екі томдық антологиясы. Бірақ мынадай әрқайсының, он үш ақынның інжу-маржан өлеңдерінің бір қорап болып шығуы бұрын-соңды болмаған жағдай және ол бұрын жекелеген адамдардың, Жазушылар одағының, министрліктің немесе баспалардың бастамасымын шығып тұрған болса, бұл кітаптар мемлекет басшысының, біздің президентіміз Тоқаевтың бастамасымен шығып отыр.

13 ақынның өлеңдері жинақталған 13 кітаптың әрбіріне президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі алғы сөзін жазды. Мемлекет басшысы төл әдебиетімізді ұлықтап, жауһар поэзиямызды ұрпақтың игілігіне айналдыру керектігін атап өткен. Әуел баста 30 шақты ақынның еңбектері ұсынылған.

Әлібек Асқаров, жазушы, Тіл-қазына ұлттық орталығының бас директоры:

- Соның ішінде 13 ақынды президенттің өзі таңдап алды. Негізі 11-і өмірден өтіп кеткен ақындар. Сосын екі ақын қазір көзі тірі. Олжас пен Мұхтар Шаханов. Олжастың да өлеңдері орысшасы емес, жанағы Қадыр Мырзәлі аударған текстері берілді. Қазақшасы жақсысы. Сол ақындардың ең бірінші маржан өлеңдерін таңдады. Сөйтіп оның бәрін сараптамадан өткіздік.

Мемлекет басшысының зор қолдауымен көрнекті ақындарымыздың шығармаларынан жинақталған мұндай топтамалар алдағы уақытта да жарыққа шықпақ. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли енді проза жанрында қалам тербеп жүрген жазушылардың еңбектерін жинақтау ойда барын айтты.

Берік Уәли, ҚР Президентінің баспасөз хатшысы:

Президенттің өзі айтып отыр. Алдағы уақытта осы топтамаларды тұрақты түрде шығарып отыратын ойымыз бар. Енді бұл президенттің өзі алғашқы 30 автордың ішінен 13-ін атап тұрып, «осыларды шығару керек» деп, тікелей президенттің өзінің нұсқауымен шығып отырған жинақ.

13 ақынның өлеңдері жинақталған топтаманың жарыққа шығуына мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің де сіңірген еңбегі ерен. Жалпы, қазақта он үш киелі сан. Сондықтан дәл 13 ақынның өлеңі топтама болып шығуы да бекер емес. Алдағы уақытта антологияларды 13 автордың еңбектерімен шығарып отыру ұсынылды.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы