389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада Азия елдері қаламгерлерінің алғашқы форумы өтеді

  • 333
  • UPD: 09:35, 31.08.2019

Елордада 4-6 қыркүйек аралығында Азия елдері қаламгерлерінің бірінші форумы өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

38 елден ұзын ырғасы 80-ге жуық жазушы келеді. Жұмыр жердің әр қиырынан жиналатын зиялы қауым өкілдері үш күн бойы әдебиет саласында қордаланған өзекті мәселелерді талқыламақ. Рет-ретімен Қорған Төреқожа.

Көптен күткен форум. Тіпті алып Азия құрлығының бірде-бір елінде жазушылардың мұндай алқалы жиыны болмаған екен. Ең бастысы...

Ақберен Елгезек, Қазақстан жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

Интеграция орнату. Азиялық қаламгерлердің арасында. Бізде шынын айтқанда, бүгінгі таңда интеграция жоқ. Біз мысалы Таиландта қандай әдебиет дамып жатыр немесе Лаоста қандай әдебиет дамып жатыр, сол сияқты бізге белгісіз елдерде әдебиетінің хал-ахуалы қандай екенін біз білмейміз. Олар да бізді біле қояды дегенге күмәнім бар. Сол себептен бұл бізге былайша айтқанда, бетпе-бет кездесу маңызды болып тұр. Бұл ертең барлық азиялық әдебиеттің дамуына үлкен серпін береді. Себебі біз бір-бірімізбен достық орнатамыз, бір-бірімізді аудара бастаймыз.

Қазір ең негізгі мәселе де осы аударма ісі екен. Қазақтың көркем әдебиеттерін, классик жазушылардың шығармаларын шетелдерге насихаттау кемшін. Мұны жазушы Орынбай Жанайдаров айтады. Өзі 60 кітаптың авторы. 40 жыл бойы Абайдың өлеңдері мен поэмаларын аударып, бұл ісін жуырда ғана аяқтапты.

Орынбай Жанайдаров ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:

- Бір-екі-үш жазушыларды білетін шығар. Ал көбін білмейді ғой. Әйтеуір мына 20 жылдың ішінде мыңдаған кітаптарымыз шықты. Соның бәрін білмейді ғой. Біразын да білмейді. Өйткені ол үшін ағылшын тіліне, француз тіліне аудару керек. Әйтеуір бір Олжасты біледі. Нұрпейісовті біледі.

Аударма жұмысы жиында өз алдына жеке қаралмақ. Аңдатпасын айтып өтсек, форумның алғашқы күні пленарлық отырысқа арналады. Одан соң қаламгерлер екі панельдік пікірталасқа қатысады. Алғашқысы «Азиялық өркениеттің қазіргі әдеби понорамасы» деп аталса, екінші сессия «Азия әдебиетінің адамзат проблемаларын шешудегі орны мен рөлі» тақырыбын арқау етеді.

Жиынға 38 елден 80-ге жуық жазушы келеді. Өзімізден 200 ден аса қаламгер қатыспақ. Мақсат ортақ. Әдебиетті дамыту.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ермек Кеншімбек, Ернар Нысанбай

Хабар 24 телеарнасы