422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Абай шығармалары миллиард оқырманға ұсынылды

  • 73
  • UPD: 17:10, 12.11.2020

Ұлыбританияның Кембридж университетіндегі баспа хакім Абайдың еңбектерін ағылшын тілінде басып шығарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кітаптың басты ерекшелігі, ұлы ақынның мұрасы қазақшадан ағылшыншаға түпнұсқаға барынша жақын аударылған. Жоба Абайдың 175 жылдығына орай және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр.

Британиялық ұлттық кітапханада өтеді деп жоспарланған тұсаукесер елде екінші локдаунның жариялануына байланысты онлайн форматқа ауыстырылды. Бұған дейін Кеңес идеологиясына сәйкес, ішінара әрі орыс тілінен тәржімаланып келген Абай еңбектері енді барынша толық және өз мәнін жоғалтпаған ерекше жинақ ретінде тарихта қалмақ.

Ақтоты Райымқұлова, ҚР мәдениет және спорт министрі:

– Ағылшын тілі – миллиардтан астам адамның ортақ тілі. Абайдың толық шығармалар жинағының ағылшын тіліне аударылуы – ақын шығармалары миллиард оқырманға ұсынылды деген сөз.

Ұлттық аударма бюросы тәржіма ісіне британиялық тәжірибелі аудармашыларды тартқан. Соңғылары қазақшадан тура аударылған мәтінді ағылшынның әдеби тілінде сөйлеткен. Аудармашылар алдымен ұлы ақынның шығармашылығын терең зерттеп, оның тұңғиығына бойлағандарын айтады.

Шон О’брайен, аудармашы, ақын:

– Абай өлеңдеріне ағылшын тілінде жан бітіру мен үшін үлкен сын болды. Аударманың сәтті шығуы үшін кәсіби күш-жігерімді аямадым. Әуезділігін, мәнін толық жеткізе білу, сөйлем құрылымын сақтау, драматизмді ұстану, бәрі-бәрі мен үшін өте маңызды болды.

Питер Филлипс, Кембридж университеті:

– Осы жобаны жүзеге асыра отырып, қазақстандық серіктестерімізбен бірге жаһандық аудиторияға қазақтың бай мұрасын жеткіземіз деген үміттеміз. Жинаққа ақынның 145 өлеңі, 3 поэмасы және Қара сөздері енгізілген.

Бұл коммерциялық жоба емес және пайда табуды көздемейді. Әзірге шектеулі тиражбен шығарылатын кітаптар Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің ықпал етуімен жергілікті университеттер мен кітапханаларға таратылады. Бұдан бөлек оны онлайн да оқу мүмкін болмақ.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы