364,95 419.00 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстау облысында 215 ауыл тұрғыны кәсіп ашу курсын аяқтайды

  • 242
  • UPD: 13:36, 29.07.2018
Маңғыстау облысында 215 ауыл тұрғыны кәсіп ашу курсын аяқтайды

Маңғыстаулықтар жаппай кәсіп ашу негіздерін меңгеріп жатыр.

Мемлекеттен тегін оқытылатын бір айлық курсқа, әсіресе, ауыл тұрғындарының ынтасы жоғары. Биыл бір ғана Маңғыстау ауданының 215 тұрғыны жеке іс бастау тетіктерін үйреніп шығады. Былтыр Шетпеде 187 адам бизнес-тәлімгерлерден білім алып, 41-і кәсіп ашқан.

Алмагүл Өтеулина жеке кәсіпкер ашқан тігін шеберханасында еңбек етеді. Бастапқы қызметін құрақ көрпе пішуден бастаған. Қазір қазақтың ұлттық киімдерін әшекейлеу, кестелеп өрнек тоқудың шебері атанды. Келешек мұраты – өз алдына кәсіп ашып, ата дәстүрді насихаттаушылар қатарына қосылу.

Алмагүл Өтеулина, Шетпе ауылының тұрғыны:

- Бұрын жұмыссыз болдым. Жұмыспен қамту орталығынан осында жіберді. Осы жерге келген соң іс үйреніп, әрі халыққа қазақтың дәстүрін көрсетіп, үйретіп жатқан жайым бар.

Іскер әйел Айнұр Қожақова Алмагүлден басқа тағы 9 қыз-келіншекке жалақы төлеп отыр. Ауыл кәсіпкері былтыр «Бастау-бизнес» бойынша курс оқып, төмен пайызбен 6,5 млн теңге несие алған. Берешегін озық үлгідегі екі тігін машинасын сатып алуға жұмсапты. Заманауи технология компьютермен басқарылады.

Айнұр Қожақова, кәсіпкер:

- Екі қондырғы алдырдым. Біреуін Алматыдан, біреуін Қытайдан. Киімдерге суреттер, әртүрлі кескіндер салады. Қазір оған сұраныс көп, өйткені барлығы қазақша, этностильде сұрайды. Несие алғаннан кейін 4 жұмысшы алдық. Тапсырыс көп болған кезде шақырып алып, көмектесетін тағы 2 жұмысшымыз бар.

Ал мынау – Ақерке Таңбайқызы ашқан цех. Мұнда алуан түрлі терезе перделері жасалады. Ауданда баламасы жоқ кәсіпорында 11 ауыл тұрғыны жұмыс істейді. Олар отандық өнімді тұрғын үйден бастап мекемелерге жеткізіп, орнатып береді. Шикізат Ресей мен Түркиядан жеткізіледі. Жұмысшылар әлеуметтік желіден келетін тапсырысты игеру үшін аптасына 6 күн еңбек етеді.

1 млн теңгемен кәсіп бастаған іскер әйел келешек өндіріс орнын автоматтандырып, қосымша жұмыс орнын ашуға ниетті. Қазір бизнес бастауға баулитын курсқа құжат жинап жүр.

Ақерке Таңбайқызы, кәсіпкер:

- Кішкентай кезімнен тігінге әуестігім бар. Перделерді де тігемін. Қазіргі заманға сай перделердің неше түрлері шығып жатыр. Соларды істегім келіп, осы жерде жұмыс жасап жатырмыз. Ендігі жоспарым осы бизнесімді кеңейту үшін кәсіпкерлерді қолдау палатасына хабарласқым келеді.

Бүгінде 38 ауыл тұрғыны кәсіп бастау тетіктерін меңгеріп шықты. Олар 4 және 6 пайызбен бас-аяғы 205 млн теңге несие алған. Тағы 3 адам мемлекеттік қор есебінен қаржылай грантқа ие болды. Нәтижесінде аудан көлеміндегі әлеуметтік нысандар саны артып, мал басы көбейіп отыр.

Әлібек Өтеуов, Маңғыстау аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры:

- Осы ауданда 2015 жылдан бері қызмет етіп келеміз. Негізгі міндетіміз – кәсіпкерлерді қолдау, демеу беру. Бізде көрсетілетін қызметтің барлығы тегін. Жыл соңына дейін 215 адамды оқытып, оларға қолдау көрсетеміз. Алғашқы топтың 11 қатысушысы өз кәсібін бастап үлгерді. Басым көпшілігі мал шаруашылығында.

Жыл соңына дейін Шетпеде жеке кәсіпкерлер қаражатымен «Көгез» туристік аймағы кеңейіп, балабақша және минералды су шығаратын кәсіпорын салынады. Сәйкесінше 20-дан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.   

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев, Мирас Нарымбет

Осы категория бойынша: « Жамбыл облысында 8 инвестициялық жоба іске асырылуда Атырауда 21 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтеді »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы