378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістанды қалың түтін тұмшалады

  • 1768
  • UPD: 09:15, 10.12.2018

Түркістан қаласын қошқыл түтін тұмшалады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай қолайсыз жағдай шаһарда бірнеше аптадан бері жалғауда. Тұрғындарының айтуынша, енді олар жылыту маусымы аяқталғанға дейін көк түтінге тұншығып отыруға мәжбүр. Ал осы салаға жауапты мамандар ауаның шектен тыс ластануын шаһардағы жеке тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың барлығы көмір жағатындығымен байланыстырады. 

Таңертеңгі қою түтін мен жағымсыз иіс бірден қолқаны қабады. Түркістан қаласының осындай көк түтінге оранғанына бір айға жуықтады. Жел мен аяз болмағандықтан, қою түтін ауада қалықтап, тұра береді. Ал шаһар тұрғындары мұндай лас ауаны жұту денсаулығымызға зиянын тигізеді деп алаңдаулы.

Роза Дадашева, Түркістан қаласының тұрғыны:

– Таңертең, кешке маңай көк түтін боп кетеді. Демалуға қиын. Бізге газ тезірек келсе, экология таза болар еді, халыққа да жақсы болар еді.

Түркістан қаласында 34 мың 569 абонент болса, соның 12-13 пайызы ғана көгілір отынмен қамтылған. Қалғаны көмірмен күнелтеді. Шаһардағы коммуналдық салаға жауапты мамандардың айтуынша, қаладағы жеке тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар бір қыста 150 мың тонна қатты отын пайдаланады. Жылыту маусымын 150 күнге бөлсек, сонда шаһарда бір күнде мың тонна көмір жағылады.

Әбутәліп Асанов, қалалық ТКШ бөлімінің басшысы:

– Бізде 86-87 пайызы қатты отынды, көмірді пайдаланып отыр. Қаланы 100 пайыз газбен қамтамасыз ету мақсатында толығымен жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, 11 жоба жасалып шықты. Сол жобалардың бесеуі қаржыландырылды. Қазір соның төртеуінің құрылыс жұмыстары басталып кетті.

Жалпы Түркістан қаласын көгілдір отынмен толық қамтамасыз ету үшін бюджеттен 20 млрд теңге қаржы қарастырылған. Енді жоспар бойынша, осы қаражат 2020 жылға дейін толық игеріліп, киелі шаһар 100 пайыз газбен қамтылуы тиіс. Демек, қала тұрғындары әлі сол уақытқа дейін көк түтінді жұта тұруға тура келеді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы