425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағанды облысында сыз тартқан мектепте сабақ тоқтатылды

  • 1755
  • UPD: 23:31, 13.02.2019
Қарағанды облысында сыз тартқан мектепте сабақ тоқтатылды

Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарасты Қызылжар ауылындағы орта мектептің балалары бірнеше күннен бері сабаққа бара алмай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күзде ғана күрделі жөндеу жасалған оқу ордасының қайтадан едендері шіріп, қабырғасы көгеріп кеткен. Қолқаны қабатын жаман иіске шыдай алмаған мұғалімдер 150-ге жуық баланы үйлеріне босатып, сабақты тоқтатуға мәжбүр болды.

Еске салсақ, 2015 жылы көктемгі су тасқыны кезінде бұл мектеп 4 күн бойы су астында қалған еді. Соның салдарынан қабырғасы сыз тартып, едені шіріп, төбесі ортасына түскен. Жергілікті жұрт жаңа мектеп салып беруді сұрағанмен, билік өкілдері ғимарат қайтадан қалпына келтіруге жарайды деп, тек жөндеу жүргізеді. Алайда бес ай өтпей жатып әлеуметтік нысанның жағдайы баз қалпына келді. Енді ата-аналар жергілікті биліктен жаңа мектеп салып беруді сұрап отыр.

Күләй Қуанышқызы, Қызылжар ауылының тұрғыны:

- Бес айдың ішінде көгерген жерлер пайда болды. Балаларымыз ауырады. Мектептен келгенде беттері қызарып, ісіп, денелеріне жара шығады.

Саят Солтанов, Қызылжар мектебінің директоры:

- Негізі болашақта бұл ауылға жаңа мектеп керек. Жаңадан мектеп салынбаса, бұл проблема бітпейді. Бүгіннен бастап 5 сыныптан 11 сыныпқа дейінгі балаларды көрші ауылдың мектебіне тасымалдау болады. Тасымалдап оқытамыз. Осы жұмыстар аяқталған соң, мектепке қайтып әкелеміз.

Хабар 24 телеарнасы