384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда көп балалы отбасыларды қолдау бағдарламасы қолға алынды

  • 1810
  • UPD: 20:30, 20.02.2019

Алматы әкімдігі де әлеуметтік мәселелерге екпін салады. Шаһар басшысы Бауыржан Байбек те халық алдына шығып, есеп берді. Әкім көп балалы һәм әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдау үшін "Бақытты отбасы" деп аталатын арнайы бағдарлама жүзеге асады деді. Ол не бағдарлама?

Бүгінгі таңда қалада 14500 көпбалалы отбасы тіркелген, оның үштен бірі, яғни 5561-і әлеуметтік аз қамтылғандар. Енді олардың үздік білім алушыларына  степендия тағайындалады. Жастардың білімге деген құлшынысын арттыруға арналған бастама «Бақытты отбасы» әлеуметтік бағдарламасы аясында жүзеге асады. Университет пен колледж студенттеріне 10 мың, мектеп оқушыларына 5 мың теңгеден стипендия төленеді. Тағы бір көмек-көп балалы отбасының бүлдіршіндеріне бала-бақша тегін болады. Жеңілдік екінші баладан басталады. Өткен жылы бала бақшадағы 51 мың орын үшін 16 млрд теңге бөлінген. Жүзеге асырылатын тағы бір бастама, әлеуметтік тұрғын үй мәселесі. 

Бауыржан Байбек, қала әкімі:

- Бүгінгі күні кезекте көбісі тіпті алғашқы жарнаны төлей алмайтын 1276 көп балалы және жалғызбасты отбасы тұр. Яғни бұл санаттағы тұрғындарды жалпы кезектен бөліп алып, жеке көмектесетін боламыз. Нақты айтсақ, алғашқы жарна пәтер құнының 10%-тін құрайды, несие 2%-пен 18 жылға берілетін болады. Ал алғашқы жарнаны төлеу үшін 1 млн теңге сомасында тұрғын үй сертификатын қала бюджеті есебінен бермекпіз.

Барлығы 1276 отбасыға осындай пәтер алу үшін 12 млрд теңге қажет. Сондықтан  Елбасы тапсырмасына сәйкес, мәслихат  депутаттары қала бюджетін қайта қарап, басымдыққа ие емес шығындар – атап айтқанда, бірқатар нысандар құрылысы, көшелерді көгалдандыру сияқты жұмыстар қысқартылмақ. Мемлекеттік сатып алуды  жариялы түрде жүргізу есебінен шығындар едәуір азайтылып, 6 миллиард теңгеге жуық қаражат үнемделген.  Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы қалалық прокуратурамен бірлесіп «Айқын тариф» жобасының аясында коммуналдық тарифтерге тексеру жүргізіліп, нәтижесінде монополистер  тұтынушыларының 4,3 млрд теңге қаржысын қайтарып беретін болды. Қазірдің өзінде 2,7 млрд теңге халыққа қайтарылған. Қаладағы коммуналдық қызметтердің тарифы төмендегінін айтқан әкім, қарттар мен жастар мәселесіне де ден қойды.  

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:

- Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Ал Алматы – жастар қаласы. Қазіргі таңда Алматыда 93 мың өзге өңірлердің студенттері білім алса, олардың үштен бір бөлігі жатақханаға зәру. Осыған байланысты Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» аясында алдағы 2 жылда 20 мың орынға шақталған 42 жатақхана тұрғызуды жоспарлап отырмыз. 

Кездесуде қала тұрғындары қордаланып қалған мәселелер- қаладағы жол мәселесі, инклюзивті  мектеп, ауызсу жайы қалай шешілетінін сұрады. Сұрақтардың дені қалаға кейінірек қосылған Алатау және Наурызбай аудандарына қатысты. 

Ерболат Досаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Енді осы бар сұрақтарды осы жылы енді шеше алмайтын шығармыз. Бірақ көмегімізді береміз деп отырмыз. Қазір қарағаннан кейін мүмкіншілікке жеткенше әдейі арнаулы трансфертпен осы сұрақтарды шешу үшін ауыз су мен жолдарға көмегімізді береміз.

1 млн 800 мыңнан астам халқы бар мегополисте ең түйіткілді мәселе – баспана. Өткен жылы 2 млн шаршы метр пайдалануға берілсе, әлі де 22 мың  алматылық кезекте тұр.  Сондықтан бұл мәселе басты назарда болады деді-әкім.

Авторлары: Алуа Маханбет, Нұрдәулет Жақсыбаев, Ерлан Әбжанов

Хабар 24 телеарнасы