375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Үндістандағы дипломаттар елге жете алмай қалған қазақстандықтарға көмектесті

  • 236
  • UPD: 21:01, 03.03.2019
Үндістандағы дипломаттар елге жете алмай қалған қазақстандықтарға көмектесті

Қазақстан Республикасының Үндістандағы Елшілігі Пәкістан мен Үндістан арасындағы әскери-саяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты әуе рейсі орындалмаған немесе кейінге қалдырылғандықтан қиыншылыққа тап болған қазақстандықтарға көмектесуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Үндістан мен Пәкістанның арасындағы әскери-саяси жағдайдың күрделенуіне байланысты рейстері ауыстырылған немесе мүлде орындалмаған әртүрлі әуе компанияларының жолаушылары мен біздің азаматтар қиын жағдайға тап болды. 27 ақпан күні Пәкістанның әуе кеңістігі жабылып қалып, бұл жағдай қазақстандық әуе тасымалдаушы Air Astana компаниясының жұмысын едәуір әсер етті.ь Атап айтқанда, 65 қазақстандық азамат белгіленген уақытта елімізге орала алмады. Үндістандағы ҚР Елшілігінің күш салуымен және әуе компаниясының араласуымен олардың әуе билеттері басқа уақытқа және басқа әуе желісіне қайта броньдалды», – делінген Қазақстан Республикасының Үндістандағы Елшілігінің Facebook-тегі парақшасында.

Елшіліктің хабарлауынша, біздің 44 отандасымыз Елшілікке жеткізіліп, олар туған-туыстарымен байланыс орнатып, тамақпен және қонақ үймен қамтылған.

«Туындаған күрделі жағдайға қарамастан, көтеріңкі көңіл-күймен бірлік таныта білген азаматтарымыздың сабыр сақтағанына ерекше алғыс білдіреміз. Дипломаттар отандастарымен тіл табысып, бір-бірін жақсы танып қалды. Біз отандастарымызға бақыт пен сәттілік тілейміз», – деп жазады Елшіліктен.

Еске сала кетсек, осыдан 5 күн бұрын Пәкістанның әуе кеңістігін жабуына байланысты Қазақстан мен Үндістан арасындағы рейстер тоқтап қалған болатын. Сонымен бірге Делиден Алматыға орындалуы тиіс рейс шегерілген еді.

Хабар 24 телеарнасы