378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақмола облысындағы ауылдарда ауызсу мен жол мәселесі қашан шешімін табады

  • 240
  • UPD: 21:45, 06.03.2019

Ақмола облысы Зеренді ауданына қарасты үш бірдей елді мекенде орталықтандырылған ауызсу жүйесі жоқ.

Кейбір тұрғындар тіршілік нәрін 20 жылдан бері сатып алып, ішіп отыр. Жұртты зарықтырған мәселе қашан шешілмек?

Садовое. Табиғаты тұмса. Жұпар ауасы бойды кернейді. Көкшетаудан небәрі 15 шақырым жерде орналасқан. Ауылда жиһаз жасайтын цех жұмыс істейді. Сүт өнімдерін өндіретін іргелі зауыт бар. Бұл жерден шыққан тауарлар облыс орталығына ғана емес, Қарағанды мен Астанаға дейін саудаланады. Бұдан бөлек көкөніс сақтайтын ірі қоймалары тұр. Не керек, тұрақты жұмыс орындары бар елді мекенде орталық ауызсу жүйесі жоқ. Кейбір адамдар жеке құдық қаздырып алған. Ұңғымасы жоқтар тіршілік көзін солардан сатып алады.

Қадыл Наскен, Зеренді ауданы Садовое ауылының тұрғыны:

- Құдықтары жоқтар құдығы бар кісілерден 20 теңгеден сатып алып отыр.  Күніне 2 флягадан, 1 айда 1200 теңгенің сомасына аламыз. Ол ауызсуға ғана. Ал мал ұстап отырғандар одан да көп қолданады.

Ауылда 154 шаңырақ бар. 70 шақтысы жеке құдық қаздырып алған. Жалпы, бұл жерде орталықтандырылған су жүйесі мүлдем болмаған емес. Жұмыс істеген. Тек 1998 жылға дейін.

Садовое елді мекеніндегі орталықтандырылған су жүйесін 1999 жылы бір азамат сатып алған. Содан бері ауылда су үзіліпті. Тек 2016 жылы орталық су жүйесі жергілікті әкімдіктің құзырына беріледі. Ал 2017 жылы әкімдік өкілдері сметалық құжаттамасын дайындаған. Енді осы құжатқа сәйкес, жаңа су жүйесі тартылған кезде құдықтардың барлығы алынып тасталмақ.

Серік Әжібаев, Зеренді ауданы Садовое ауылдық округінің әкімі:

- Сөзіңіздің жаны бар. Жаңа жоба бойынша Мұндай колонкалар болмайды. Жаңадан құрылған жоба бойынша су үй-үйге тартылады.

Серік Әжібаев, Зеренді ауданы Садовое ауылдық округінің әкімі:

- Бірақ қаражат бөлінген жоқ. Осы жылы да өтінім берілді. Енді жаңа бюджеттік қаражат бөлінген кезде осы жоспар іске асырылады деп ойлаймыз.

Ауылдық округке Садовоеден бөлек Заречный мен Елікті ауылдары да кіреді. Кейінгі екеуінде де ауызсу мәселесі өзекті. Елікті де жекелеген құдықтар та жоқ. Тіршілік көзі сырттан тасымалданады. Аталған ауылда 20 жылдан бері тұратын Қарлығаш Жүнісова ауызсуды сатып алу үшін 1 айда 5-6 мың теңге жұмсайтынын айтады. 

Қарлығаш Жүнісова, Зеренді ауданы Елікті ауылының тұрғыны:

- Аптасына екі рет әкеліп құяды. Флягын 30 теңгеден алып жатырмыз. Малымызды, бәрін сонымен суарып күн көріп жатырмыз.

Әкім айтады: «Елікті мен Заречныйға орталық су жүйесін тарту үшін аудандық бюджеттен 5 миллион 800 мың теңге бөлініп, екі ауылға ортақ жобалық-сметалық құжат дайындалған». Қазір мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Қаражат көлемі анықталған соң республикалық бюджетке өтінім беріледі. Хош. Сонымен Содовое, Елікті, Заречный ауылдарына су алдағы жылдары тартылмақ. Үміт жоқ емес.

Судың жайы белгілі. Тек тіршілік көзі емес. Заречный мен Еліктіге көпір қажет.

Көпір жоқ емес. Бар. Тек жаяу жүргіншілерге арналған. Техникамен қатынау мүмкін емес. Сондықтан көлікке арналған көпір керек. Әйтпесе бүгінде Заречный мен Елікті ауылдарының тұрғындары осы маңнан 15 шақырым жердегі Көкшетауға жету үшін айналма жолмен 30 шақырым жол жүріп, аудан орталығы Зерендіге сол Көкшетау арқылы қатынауға мәжбүр.

Шағалалы өзенінің үстінен көлікке арналған жаңа көпір салынса, жолдың ұзақтығы екі есеге қысқармақ. Былтыр жобалық-сметалық құжаты дайындалған.

Бахтияр Ақтанов, Зеренді ауданы ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі секторының меңгерушісі:

- Қазіргі кезде көлікке арналған көпірдің жобасы облыстық бюджеттік комиссияның қарауында жатыр. Шығыны көп болады. Сондықтан аудан есебінен қомақты қаражат бөлу мүмкін болмады. Құрылысы нақты қашан басталатынын айта алмаймын. Облыстық комиссияның шешімін күтіп отырмыз. Олар алдын ала ешнәрсе айта алмайды.

Орталықтандырылған су жүйесін тарту, көпір салу ауылдың тіршілігін тұралатпай, дамудың негізі болар еді. Себебі, Зеречный мен Еліктіде мал шаруашылығы, кәсіпкерлікпен айналысатындар бар. Nur Otan партиясының съезінде Президент айтқандай, іргесі сөгілмеген ауылдарды қолдап, инфрақұрылымын жақсарту керек. Елді мекендерді көркейту үшін үкімет 2019-2021 жылдары 90 млрд теңге бөлмек. Осы орайда үш ауылдың да жұрты өзекті мәселелерінің оң шешім табарына сеніммен қарап отыр.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Аят Дүйсенбаев

Хабар 24 телеарнасы