377,65 427.65 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде жеміс-жидек пен көкөністің бағасы неге қымбат?

  • 175
  • UPD: 09:24, 13.03.2019

Көктемде қызанақ пен қиярдың құны неге шарықтап кетеді?

Қысқа ерте бастан қамданып қоймаларды толтырып, гектарлап жылыжайларды салып тастасақ та жағдай өзгерер емес. Биыл да солай болды. Бұл іске Үкімет араласып бағаны тұрақтандыру шаралары қолға алынды, деп хабарлайды «Хабар 24». Содан кейін не өзгерді?

Алдағы жылы Ақмола облысының Степногорск қаласындағы жылыжай кешенінің аумағы 6 гектарға дейін ұлғайтылады. Осылайша өнім көлемін жылына 3 мың тоннадан асыру жоспарда бар. Ал Қарағандыдағы жылыжай қазір елордаға ай сайын 20 тонна қияр мен 15 тонна қызанақ жібереді. Мамандардың айтуынша, жылыжайда өсірілген өнім маусымдық өнімге қарағанда әлдеқайда қымбат. Өнімнің бағасына тыңайтқыш пен тұқымның, жарық пен жылу шығындары әсер етеді.

Болат Омарбаев, облыстық ауылшаруашылық басқармасының бөлім басшысы:

– Бүгінгі таңда қиярдың орташа бағасы 650 теңгені құрайды. Барлық өнім біздің облысымыздың аумағында сатылады және де қосымша Астана қаласына сатылып отырады.

Бүгінде еліміз бойынша жылыжай көлемі 1200 гектарға жуықтаған. Несие мен субсидиядан да шет қалып жатқан жоқ. Яғни мемлекеттен көмек бар. Өткен жылы барлығы 4 млн тонна бақша дақылы жиналған. Десе де бұл бағаны тұрақтандыру мәселесін толығымен шешкен жоқ. Әсіресе қызанақ пен қиярға жыл бойы сұраныс жоғары. Бағасы да өзгеріп тұрады. Оның құнының негізсіз өсуіне делдалдар да себепкер. Іске Үкімет араласып, әкімдіктегілер тексеріс жүргізсе, жағдай қайта түзеле қалады.

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші

– Біз Астанадағы көкөніс, жеміс жидек сататын сауда орындарының бірінде тұрмыз. Осын бір бұрын мұндағы қызанақ пен қияр бағасы 1000-1500 теңгеге жеткені көпшілікке мәлім. Ал қазіргі бағалар көз қуантады. Жергілікті жылыжайда өсірілген қияр мен қызанақ 700 теңгеден сатылып жатыр.

Десе де, тұрғындар мұндай баға тек  ішінара ғана бар деген пікірде. Көкөніс пен жеміс-жидектің бағасы қолжетімді болуы керек деп санайды.

БЛИЦ:

– Қымбат болған соң, ала алмай кетеміз. Арзандағаны дұрыс.

– Баклажанның бағасы еттің бағасымен бірдей, бұрыштың бағасы – 1300. Қияр-қызанақ та қымбат.

Ал сол жағалаудағы дүкендер бағасы тіптен қалта қағады. Жасырын камераға түсіріп көрдік. Көкөніс құны аспандап тұр. Базардан әлдеқайда қымбат. Қызанақ пен қияр 950 теңгеден басталып, 1400 ге дейін барады. Елдің бәрі бірдей қажетін іздеп базарға бармайды. Сондықтан үйлерінің маңындағы сауда орындарынан алуға мәжбүр. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі сарапшылар «бізде бәрі жақсы болады» деген пікірді ұстанады.

Ақерке Молдабек, ҚР АШМ департаментінің сарапшысы:

– Көкөністі тұтынудың белгіленген мөлшері бір адамға 135 келі болған кезде, еліміздегі тұрғындардың тұтыну қажеттілігі 2 млн 483 мың тоннаны құрайды. Демек біз көкөніспен өзімізді 164 пайызға қамтамасыз ете аламыз.

Осылай десек те біз көкөніс пен жеміс-жидекті Тәжікстан, Өзбекстан мен Қытайдан тасымалдаймыз. Арасында өзіміз де шетел асыратынымыз бар. Дегенмен халық өз жерімізде өсірілген өнімді қалайды. Мамандар әлі де нарықты зерттеп, сауда-саттық тетіктерін жетілдіре түсу қажет, деп есептейді. 

Досбол Көшербаев, «Астана ӘКК» ҰК» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары:

– Сауда желілерін қаржыландырумен Астана әлеуметтік кәсіпкерлік корпорциясы 2 жылдан бері айналысып келеді. Бағаны тұрақтандыруға бағытталған бұл жобада бірқатар азық-түлік түрлері бар. Бірақ ол тізімге көкөніс енбей қалған. Қазір бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Жоба әзірге тәжірибеден өтіп жатыр. Жаппай жүзеге асыруға қаржымыз жетпейді. Осыны мықтап қолға алар болсақ, бизнес субъектілеріне, шаруа қожалықтарына да тиімді болар еді. Әрине мұның бағаға да оң әсері болары анық.

Монополияға қарсы комитет мекемелерге, көтерме сауда орындарына өнім өндірушілермен баға жөнінде келісім жасау туралы ұсыныс тастады. Өйткені бұдан былай бағаны әдейі көтергендер жауапкершілікке тартылады.

Хабар 24 телеарнасы