389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысында тұрмысы төмен отбасылар үшін тың жоба жүзеге асырылып жатыр

  • 756
  • UPD: 20:31, 03.04.2019

3 күнде өз бизнесіңді ашып, тәп-тәуір табыс табуға болады. Бұл Маңғыстау облысы әкімдігі мен жеке кәсіпкерлердің тұрмысы төмен отбасыларды қолдауға бағытталған бірлескен жобасы. Мамандар мұндай бастама бұрын-соңды өңір тұрмақ, көрші мемлекетер де қолға алмаған, баламасы жоқ жоба деп отыр.

Бұл үшін тұрғындардың қандай бизнеске икемі бары анықталып, кәсіптің қыр-сырын үйретеді. Жеке ісін бастауға қажетті құрал-жабдықтарын алып беріп, тауарын сатуға көмек беріледі. Барлық қолдау қайтарымсыз жасалады, тек тұрғындардың кәсіп ашуға ниеті болса болғаны. 

Бүгін тәртті булочкаларға тапсырыс түсті, соны пісіргелі жатырмын...

Үш баланың анасы Дана Нұралханованың өмірі түбегейлі өзгерді. Ол қазір үйінде отырып-ақ мол табыс табуда. Кәсіпкерлер сыйға тартқан озық үлгідегі пешпен тәтті нандар мен торттардың түр-түрін пісіріп, сатып жатыр. 6 айлық баласының есімі берілген тауарлар Жаңаөзендегі сауда нүктелерінің сөрелеріне шығарылды. «Отағасының 50 мың теңге айлығы шайлығымызға әзер жететін. Жаңа жоба отбасымыздың табысын арттырып,  бизнесті бастауға мүмкіндік берді» дейді ол.

Дана Нұралханова, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

- Мен бір күннің ішінде 6-7 торттай тапсырыс алатынмын. Қазір 15 одан да көп торттарға тапсырыс аламын. 30 мыңның көлемінде бір күнде ақша табамын. Мен бір күннің ішінде осындай көп тапсырыс алып, кәсіпкер атанамын деп ойлаған емеспін. Осы жобаның арқасында арманым орындалды. Бұдан да әрі кеңейтіп, үлкейтіп, дамытқым келеді кәсібімді.

Жоба басталғалы 15 күннің ішінде 50-ге жуық отбасы жеке кәсібін ашып үлгерген. Бірі нан мен ет тағамдарын өндірсе, енді бірі киім тігіп сата бастады. Тағы бірі ауласына үй құстарын бағуға кірісті.

Айжани Нұрланова, «3 күнде бизнес» жобасының үйлестірушісі:

- Сұраймыз қандай кәсіпке бейіміңіз бар деп отбасылардан. Екінші күні сол 1-күні анықтаған жұмысымыз бойынша қайтарымсыз, несиесіз сол бизнесті жүзеге асыру үшін қажет тауарды апарып береміз, оның жасалу жолын көрсетеміз екінші күні-ақ, үшінші күні сол жасалынған дайын дүниеге біз тауар белгісін дайындап береміз және жабыстырамыз. Және үшінші күні дүкендердің, мейрамханалардың сөрелеріне жеткіземіз.

«Бизнес 3 күнде» жобасы осыған дейінгі әлеуметтік бағдарламалардан мүлдем өзгеше. Көп балалы аналар, мүгедек балаларды бағып отырған отбасылар мен жұмыссыз жандар үйінде отырып, 3 күннің ішінде жеке ісін бастап кете алады. Оларға  несиесіз, кепілсіз ең бастысы қайтарымсыз көмек беріледі. Табыс туралы анықтама өткізудің де қажеті жоқ. Кәсіп ашуға ынта болса болғаны.

Айжани Нұрланова, «3 күнде бизнес» жобасының үйлестірушісі:

- Басында қаржылай емес, тек тауарларды апарып беруші едік қой. Ал енді ол кісілер екінші этапқа өтеді. Ол кісілер өздерінің бизнестерін әрі қарай дамыту үшін ақшалай бонустар алып отырады. Яғни өзі сияқты 5 адамды аяққа қойса, біз ол кісіге қаржылай көмек көрсетеміз.

Аз ғана уақыттың ішінде жақсы нәтиже көрсеткен «Бизнес 3 күнде» бағдарламасына шетелдік мамандар да қызығушылық танытуда. Кедейлікті жою, кәсіпке баулудың маңғыстаулық үлгісін көрші мемлекеттер өз тәжірибесіне қолданбақшы.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы