378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қыпшақ жауынгерлері патша Давид Төртіншіге Грузияны жаудан азат етуге көмектескен

  • 179
  • UPD: 21:56, 18.04.2019

Грузия тарихындағы алтын кезеңді қалыптастыруға қыпшақ жауынгерлері де үлес қосқан. Оған сол заманнан қалған тарихи жәдігерлер куә. Солардың бірқатарын «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының мүшелері аралап көрді.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

- Бұл Грузиядағы Тетрицхаро ауданы, қазақша аударғанда Ақбұлақ деген мағынаны білдіреді. Дәл осы аудандағы Самшвилде қалашығы Тамара патшайымның сүйікті резиденциясы болған. Сол патшайым қайтыс болғанда жерленген жерін жасыру үшін Тблисиден бір сәтте сегіз табыт шығарылыпты. Соның бірі дәл осы Самшвилдеде қойылған.

Тарихи деректерге қарағанда Давид Төртінші өзіне көмекке келген қыпшақ жауынгерлерінің бір бөлігін дәл осы Самшвилдеге орналастырған. Оған дәлелді бүгінге дейін мұра болып келе жатқан құлпытастардан аңғаруға болады. Көне шаһарды аралаған екі сағаттай уақыт ішінде сондай тастың бірнешеуі көзге түсті. Барлығынан қазақ жауынгеріне тән белгілерді байқауға болады.

Гүлнар Натрадзе, тарихшы:

- Бұл өте көне қамал. Мұнда қыпшақтар келмей тұрып қала болған. Дегенмен, Давид Төртінші өз мемлекетін жаудан қорғау үшін қыпшақ жауынгерлерін көмекке шақырып, осындай шекараға жақын аудандарға қоныстандырады. Оларға барынша жағдай жасау үшін қарапайым тұрғындардан қыпшақ салығы жиналған. Бұл туралы Грузин авторларының шығармаларында кездеседі. Тіпті елге қайтқысы келген жауынгерлерді қалу үшін сұлу қыздарын қалыңдық ретінде берді деген деректер бар.

Самшвилдеден кейін экспедиция мүшелері Вардзиа монастырін бетке алды. Биік таудың тасын қашап салған үңгір тектес қамалдың құрылысы 12-ғасырда Үшінші Георгидің тұсында басталып, қызы Тамараның дәулет құрған шағында аяқталды. Оның ұзындығы 500 метр, ал ені 50 метр. Оның ішіне 15 мыңға дейін адам сыйып кетеді.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі:

- Бұл қамалға сол кезде үшінші Георгидің сосын Тамара патшайымның уақытында армияда басқарушы болған Кубасар келуі мүмкін. Одан кейін Тамараның күллі қаржы бөлімін басқарған Кутлук Арсылан келуі мүмкін. Тарихтың аты тарих. Оны жасыруға болмайды. Давид Төртіншінің уақытында, одан кейін әкесі Георги Үшіншінің уақытында одан кейін Тамара патшайымның өзінің уақытында Біздің бабаларымыз осы арада тұрды, өмір сүрді. Осылардың религиясына кірді, Грузияны қорғады. 

Кура өзенінің сол жағалауындағы биік жартасқа салынған қамалда кітапхана, қойма, монша және шіркеу болған. Олардың біразы жер сілкінісінен қирап қалған. Біздің «Балалар ізімен» экспедициясы енді Атабек қыпшақ-түрік мемлекетінің астанасы болған Ахалцике қаласына ат басын бұрып, Рабат қамалының тарихымен танысатын болады. 

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Самат Бекбатыров

Хабар 24 телеарнасы