379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тағдыр тәлкегіне төтеп берген жан қоғамдық жұмысқа белсене араласып жүр

  • 163
  • UPD: 16:58, 29.04.2019

Тағдырдың тәлкегіне мойымай, өмірге деген құштарлықтың керемет үлгісін көрсете білген Серік Есматовтың есімі елге таныс. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына қатысушы қазіргі таңда да қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, игі істерге араласып жүр.

Серік үйдің кенжесі болғанымен еркелеп әке-шешесінің етегіне оралған жоқ. Керісінше ерте есейіп,алдына үлкен мақсат қоя білді. Сол мақсатқа жету жолында бала Серік оқуда озат, спортта белсенді, өмірде көркем мінезді азамат болып өсті. Суға жүзуден Олимп шыңын бағындырсам деп аянбай тер төгіп жүрген Есматов 13 жасында естен кетпес оқыс оқиғаға тап болды. 

Серік Есматов, жоба жеңімпазы:

- Екі сағаттық Бассейндегі жаттығудан кейін үйге қайтып бара жаттым. Вокзалдың маңында тұратын едік. Үйге жету үшін теміржолды жағалап өту керек.Поездің даусын естіген соң өтіп кетсін деген ой болды. Сол кезде жаттығудан қатты шаршағаным соншалық дел-сал күйде болдым. Ауыр сөмкемді жерге қойып шөлімді басқым келді.Салқын су мидағы қан айналымды бұзған болу керек, көзім қарауытып басым айналып құлап кеттім. Екі аяғым теміржолда қалып қойған екен одан кейін не болғанын білмеймін.  

Одан кейін не болғанын естудің өзі қорқынышты. Арманы асқақ алғыр бала екі аяғынан бірдей айырылып қалды. Бірақ тағдырдың қатаң сынағы Серіктің өмірге деген көзқарасын өзгерте алған жоқ. Керісінше жігер мінезін жани түсті. Күшті рух беріп, биіктерді бағындырсам деген құлшынысын арттыра түсті. Адам төзгісіз қиындықтарға мойымай ол тек қана алға ұмтылды.

Серік Есматов, жоба жеңімпазы:

- Иә өте қиын болды. Осы қиындықтарды қалай жеңіп шықтың деген сауал маған күнде қойылады. Әркім әртүрлі ойлайды. Біреулер сенің бала кезден шұғылданған спортың көмегін тигізді десе, біреулер рухың мықты дейді. Енді біреулер қаршадайыңнан қалыптасқан жігер мінезің деп жатады. Бұлардың бәрі дұрыс шығар?! Бірақ мен айтар едім осы күнге жетуіме ең бірінші кезекте  ата-анам мен бауырларымның маған деген махаббаты деп. Олардың қолдауы мен маған деген сенімі арманыма қанат бітірді.

Арманына қанат біткен Серік қияға самғады. Бала жастан көздеген биіктерін бағындырды. Волейболдан Қазақстан параолимпиада құрамасының сапында олжа салды.   Елбасымен сұхбаттасып, ел ішін аралады. Тағдыр тауқыметін тартып жүрген талайлардың үміт отын жақты. Қолы қалт ете қалса спорт залға асығады. Шығармашылығын шыңдап, әндерін жарыққа шығарсам дейді. Небәрі 20 жастағы Серік Есматовтың осындай ерліктері елге үлгі болары хақ!

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Қанат Қаматаев

Хабар 24 телеарнасы