389,60 428,03 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Аягөз ШҚО-дағы ең көрікті қалалардың біріне айналмақ

  • 368
  • UPD: 15:15, 03.06.2019

Шығыс Қазақстандағы Аягөз шаһары алдағы 3 жылда аймақтағы көрікті қалалардың біріне айналмақ, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Ол үшін кешенді жоспарлар қолға алынып отыр. Көшелер жөнделіп, саябақтар қатары артпақшы. Жарықтандыру, ағаш отырғызу жұмыстары да қарқын алады. Қазірдің өзінде 10 мыңнан астам шырша, қарағай, қайың көшеттері отырғызылған. Көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандыру да басты назарда. 

40 мыңнан астам халқы бар Аягөз шаһарында бұрын назардан тыс қалып келген көшелер көп. Көктем мен күзде халық батпақ кешіп әбігерге түсетін бұл жерлерде. Мәмбетов көшесінің тұрғындары игі өзгеріске дән риза.

Ерболсын Әбділдінов, қала тұрғыны:

- Көшемізді тегістеп, құм төгіп жатыр. Бұл жақсы болды. Бұрын балшықпен мүлде жүре алмайтынбыз. Бәрін қолға алып жатыр. Енді болашақта асфальт тегістейін деп жатыр.

Тап осындай Ақанаев, Аққожа би, Сүлейменов, Қошқарбаев сияқты көшелер биыл ретке келтірілмек. Құм төгіліп, асфальт төселеді. Қаладағы 107 көшенің биыл жартысына жуығын оң өзгеріс күтіп тұр. Ол үшін қазынадан 330 миллион теңге бөлінген. Көптеген көшелер коммуналдық кәсіпорын техникаларының күшімен бюджет қаражатын 5 есе үнемдеу арқылы шаруашылық әдіспен жүргізілмек.

Ділдәбек Оразбаев, Аягөз ауданының әкімі:

- Мен әлеуметтік желілерге қарап, өзім сараптама жасадым. Сондағы 70-80 процент халықтың сұрап жатқаны көше жөндеу, жарықтандыру, ауызсу мәселелері болып тұр. Бұл мәселелердің бәріне мемлекеттен қаражат бөлініп жатыр, ауызсу мәселесіне. Оны да біз жоспарлы түрде шешетін боламыз. Алдағы 3 жылдың ішінде Аягөз қаласын шығыстағы жақсы қалалардың біреуіне айналдырамыз деп жоспарлап отырмыз.

Қаланы көркейту үшін көктемде 10 мыңға жуық ағаш отырғызылыпты. Күзде тағы 6 мың көшет егу көзделген. Шаһардың шетіндегі шағын аудандарға жаңадан 2 саябақ салу, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандырып, балалар ойын алаңын жасау да кешенді жоспардың бір бөлігі. 

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы