387,09 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында «7-20-25» бойынша 106 отбасы баспаналы болды

  • 346
  • UPD: 13:58, 13.06.2019

Жамбыл облысында «7-20-25» бағдарламасымен 100-ден астам отбасы баспаналы болды.

Мемлекеттік жоба басталғалы екінші деңгейлі банктерге 251 адам өтініш беріп, 131-і мақұлданған. Бүгінгі күнге дейін жалпы  құны 812 миллион теңге несие рәсімделді.  Бұл көрсеткішті еселеу мақсатында өңірде аудан, ауыл тұрғындарын көбірек қамту көзделіп отыр. Қазір жергілікті жерлерде түсіндіру жұмыстары басталды.

Көшкіновтар отбасы мемлекеттік жобаға қатысып, жуырда ғана  баспаналы болды. Жас отбасы бұған дейін жалдамалы үйде тұрып келген. Ерлі-зайыптылар жетпегеніне ауылдағы малын сатып ақша қосып, алғашқы жарнасын құйды. 11 жылға несие рәсімдеп жаңа 2 бөлмелі пәтерге қол жеткізді.

Сандуғаш Қайдауылова, Тараз қаласының тұрғыны:

- Біз сияқты қарапайым отбасына өте ыңғайлы деп ойлаймын. Себебі небәрі 20 пайыз бастапқы соманы құю керек. Мысалы, біз қазір 57-58 мың төлейміз. Сол ақшаны біз осыған дейін пәтерлерге төледік. 30 мың комуслугасын қосқанда 40 мыңнан, қыс айларында одан көп шығып кетеді.  

Еркебұлан Көшкін, Тараз қаласының тұрғыны:

- Арғы жағында сәл ғана төлейміз за то бұл үй өзімізге қалады болашақта. Квадратурасы 116 мыңнан айналды. Общий бағасы 6 миллион 900 мың теңге болды.

Қазір Таразда бірыңғай ақпараттық орталық жұмыс істеп тұр. Мұнда халыққа тұрғын үй құрылысы, «7-20-25» бағдарламасының мүмкіндіктері, жалпы жоба туралы кез келген ақпарат тегін беріледі. Кеңсе ашылғалы 915 адамға кеңес беріліп, 70-тен астамының құжаттары рәсімделген. 

Ғазиз Ералиев, Тараз қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

- Бұл жерде әр банк өкілдері отыр. Күнделікті таңғы 9-дан бастап кешкі 5-ке дейін қайырылған азаматтарға толық түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Жұрт кезекке тұрмаса да,  сұраныс бар. Бағдарлама тиімділігін түсіндіру бағытында ақпараттық топ құрылып, облыстың 10 ауданын аралап жүр. Ұлттық банк өкілдерінің мәліметінше  бүгінгі күнге дейін 500-ге тарта ауыл тұрғындарының төлем жасауға қабілетті екендігі анықталып отыр.

Нұрлан Берікбосынов, ҚР Ұлттық банкінің Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары:

- Субсидиялау бойынша қазір негізінде общий ереже қабылдану үстінде. Жақын арада нәтижесі келеді. Сол бойынша категориялар, кімдерге беріледі белгілі болады. Біріншіден, бюджеттік қызметкерлер, образование, здравохранение дейміз сол кісілердің ішінен тек қана үздік қызметкерлерге беріледі.

Жалпы биыл өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасымен 465 мың шаршы метр тұрғын үй салынады. Бұл 80 пәтерлі 30 көпқабатты тұрғын үй. Нәтижесінде жыл соңына дейін  2 мыңға жуық тұрғынды баспанамен қамту жоспарда.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан

Хабар 24 телеарнасы