386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жуалыда қуатты су электр станциясының құрылысы жүріп жатыр

  • 266
  • UPD: 20:31, 02.08.2019

Жуалыда салынып жатқан жаңа су электр станциясының бірінші кезеңі аяқталуға жақын. Қазір құрылыс жұмыстарының 85%-і біткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нысанды іске қосу үшін мамандар шетелден арнайы қондырғылардың жеткізілуін күтіп отыр. Жоба жүзеге асса, бұл өңірдегі ең қуатты гидростанция болмақ.

Су электр станциясының құрылысы былтыр басталған. Жалпы қуаты 18 мегаватт болатын жоба «Көксай» каналының бойын жағалай салынып жатыр. Нысан шағын 5 бөліктен тұрады. Олардың әрқайсысына Австриядан әкелінген қондырғылар орнатылады. Ал, іске биыл қыркүйек айында қосу жоспарда бар.

Қанат Әбдірахманов, учаске басшысы:

- Операторларға арналған бөлме дайын. Енді гидростанцияға арналған қондырғыны күтіп отырмыз. Қуаты аса жоғары аппараттар 10 күннің ішінде келуі тиіс. Ал әзірге суды каналға жіберіп жатырмыз. Іске қосылған уақытта 8 оператор жұмысқа тартылады. Олар ақпараттық-технологиялық жағынан толықтай қамтамасыз етіледі.

Қазір құрылыс жұмыстарына 20-дан астам адам жұмылдырылған. Бұған инвесторлар 6 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсамақ. Мұндай жобалардың арқасында жаңа жұмыс орындарынан бөлек, бюджетке салық ретінде тұрақты қаржы түсіп тұрады.

Асхат Жабалы, Жуалы ауданы әкімінің орынбасары:

Бұдан өзге ауданда Бурное Солар, Бурное Солар 2 жобалары іске қосылған. Қазір тұрақты жұмыс істеп тұр. Мынау гидроэлектр станциясы баламалы энергия көздерінен қуат өндіретін аудандағы үшінші нысан болмақ. Бұл ауданды электр энергиясымен толықтай қамтамасыз етеді. Жалпы аудан қажеттілігі 20 мегаватт.

Көксайдағы су электр станциясын толығымен келер жылы іске қосу жоспарда. Ал жалпы облыста 2023 жылға дейін баламалы энергия көздерінен қуат өндіретін 25 нысан салынбақ. Оны жүзеге асыруға инвесторлар тартылады.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан

Хабар 24 телеарнасы