387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде сал ауруына шалдыққан балаларды оңалту үшін барлық жағдай жасалған

  • 93
  • UPD: 09:54, 06.09.2019

Медициналық көмектен өзге олардың білім алулары да басты назарда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда, 15 күнге созылатын ем қабылдау мерзімі аз боп тұр. Бұдан өзге, тірек-қимыл жүйесі зақымданған әр түрлі жастағы науқастың денсаулығын жақсарту үшін қосымша аппараттар қажет.

Кішкентай Әділеттің ем қабылдай бастағанына біраз күн болған. Бастысы, бұрыңғыдай өзге қалаларда емес – Ақтөбеде. Кезекті курстың уақыты келгенде анасымен бірге ауданнан облыс орталығына жетеді. Алғашқыда өздігінен отырып, тіпті жүре алмайтын. Қазіргі жағдайы тәуір.

Нұрсая Сегізбаева, облыс тұрғыны:

- «Аяланың». Осы Ақтөбеде ашылғанына қуаныштымын. Өйткені Астана, Алматыға портал бір жылда келетін. Мына «Аялада» үш ай сайын келіп тұрады. Өзімізге ыңғайлы. Шүкір Аллаға, балаға көп өзгерістер әкеліп жатыр. Ақырындап қозғалатын болды. Ұстағысы келетін нәрсені ақырындап ұстайды.

Бүгінде облыста тірек-қимыл жүйесі зақымданған 1200-ге жуық бала бар. Барлығы да оңалту орталықтарында мемлекет есебінен тегін ем қабылдайды. Әр жастағы науқасқа арналған қажетті медициналық жабдықтар, орталық жүйке жүйесінің бұзылуында қолданылатын аппараттар жеткілікті. Арнайы мамандардан да тапшылық жоқ. Алайда, бір жолғы ем алу мерзімі 15 күн деп бекітіліп қойған. Сондықтан да келесі мерзімді кутуге тура келеді. Дегенмен, дәрігерлер сапалы ем көрсету әрі қарай жалғасатынын айтады.

Әдемі Демеуова, балалар оңалту орталығы бас дәрігерінің орынбасары:

- Әр баланың диагнозы, өзінің емі бар. Сондықтан біз жан-жақтан аппаратураларымызды толықтырғымыз келеді. Оны жоспарлы түрде бірнеше рет облыстық денсаулық сақтау басқармасында заявка беріліп, келесі жылға жоспарланып тұрған біздің аппараттарымыз бар. Ем әрқашанда аз болмайды. Мысалға церебралды салданудың бір баладағы бір түрін алатын болсақ, онымен инструктор толық 2-4 сағатқа дейін отырады. Оның өзінің жоспары бар.

Қазір Ақтөбеде сал ауруына шалдыққан балаларды оңалтудан өткізетін үш ұйым бар. Әрі дерттің жеңіл түрлерін емдеу соңғы жылдары ауруханалар мен емханаларда тұрақты жолға қойылған. Нәтижесінде бұрынғыдай елдің басқа аймақтары мен шет мемлекеттерге шығу азайыпты.

Әсет Қалиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Мұндай балалар аудандық деңгейде де бар. Мына жерде ауылдан келіп емделу керек. Терапия алғанан кейін осында болу керек, біреудің үйіне жату керек деген сияқты. Ондай жағдай болдырмас үшін біз қазір 20 кереует қосымша ашып жатырмыз. Биыл осы қыркүйек, қазан, қараша айларында ашылады. Күндіз-түні емделу үшін республикадан арнайы қаражат бөлінетін болады. Арнайы тамақтандыру, барлығы сол жерде ұйымдастырылатын болады.

Дәрігерлердің айтуынша, церебралды салданудың себептері көп. Ал, қазіргі міндет – сол дертке шалдыққандарды құрбы-құрдастарынан кем қылмай, қоғам қатарына қосу дейді. Ал, президент жолдауынан кейін қимыл-қозғалысы бұзылған балаларға жағдай жасау одан әрі артады түседі деген үміт бар.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

 

Хабар 24 телеарнасы