388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақкөл «ақылды» қала ма?

  • 183
  • UPD: 20:46, 26.09.2019

Ақкөл «ақылды» қалаға айналуы тиіс.

Ол үшін бақандай екі жарым млрд теңге жұмсалды. Ол ол ма, осы жылдың басында Елбасы қалашықта болып, ондағы смарт жобаның қалай жүзеге асырылып жатқанын өз көзімен көріп қайтқан. Содан бері 9 ай өтті.

Не өзгерді? Аты дардай жобаның нәтижесі қандай?

Жыл басында Ақкөлде болған Елбасына смарт жоба дәл осылай таныстырылған еді. Алысқа бармай-ақ қояйық. Қалашықтың дәл орталық көшесінде орналасқан 9 және 13 көп қабатты үйлер үшін ақылды қаланың ауылы алыс. Бұл баспаналарда 1990 жылдардан бері жылу жоқ. Тұрғындары әлгі күнге дейін пеш жағады.

Тұрғындардың мұндай базынасына аудан әкімінің өз айтары бар. «Орталық жылу жүйесіне қосу мәселесі жақын арада шешіліп қалады», – дейді ол.  

Алпысбай Қайыржанов, Ақкөл ауданының әкімі:

– Бізде пешпен жағылатын үйлер бар. Биыл жобалық сметалық құжат жасап, оны іске асыру жөнінде тапсырыс бердік. Келесі жылы іске асып қалар деп жоспарлап отырмыз.

Қалаға Елбасыға баяндалғандай, түгелдей дерлік энергия мен су есептегіш құралдардың жаңа үлгісі орнатылды. Бірақ уәде етілгендей, барлық абоненттен үйлеріне бармай-ақ, көрсеткіштерді алу мүмкін болмай тұр. Жұртшылықтың айтуынша, төлем жасауда бірі жаңа технологияны енді бірінде ескі жүйе қолданылады.  

Соңғы үлгідегі есептегіш құралдарды орнатып кетті. Бірақ көрсеткішін бақылаушылар өздері келіп алады. Қашықтан алады дегенін білмеймін.

Ал әкімдіктегілер есептегіш құралдардың барлығы дерлік қашықтан бақыланады. Смарт жүйе өте тиімді. Бірақ оны әлі де жетілдіре түсу керек, дейді. Ақкөлдегі аты жер жарған жылы аяламадалар да біздің назардан тыс қалмады.

Жылы аялдамалардың бірі. Есігі сынып жатыр. Кондиционер жұмыс істемейді. Wi-Fi да жоқ. Телефон қуаттайтын орынды да көріп тұрған жоқпын.

«Ақылды» қаланың жұртшылығы бұған «ақылсыз» тұрғындарын кінәлайды. Бәрін вандалдардан көреді.

Еліміздегі ең алғашқы «ақылды» қаланың жайы осындай.

Айта кетейік, Ақкөл елордадан 100 шақырымда орналасқан. 13 мыңнан аса халық тұрады. Онда ақпараттарды өңдеу мен ахуал орталығы бар. Қаланы 100-ге жуық бейнекамера бақылайды. Оған қоса су, энергия бәрі қашықтан басқарылуы тиіс болған.

Хабар 24 телеарнасы