389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Қорғас ісі» бойынша сотталғандар бостандыққа шықты

  • 120
  • UPD: 23:05, 10.10.2019

Атышулы «Қорғас ісі» бойынша сотталып мерзімінен бұрын бостандыққа шыққандар айыппұл төлейтін болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Семейде өткен сот отырысында судья осындай шешім шығарды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкері Талғат Жақаев пен Алматы облыстық Кеден басқармасының бұрынғы басшысы Құрманбек Артықбаев Президент жарлығы бойынша 2 қазанда бостандыққа шыққан еді. Бүгінгі сот отырысына олардың өзі қатыспағанын атап өткен жөн. Сонымен, бостандық құны қанша? Сот отырысынан оралған тілшіміз Болат Көкенайұлынан білейік.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Бір қарағанға өтелмеген жаза мерзімін анықтап, оған айыппұл көлемін тағайындау қарапайым дүние сияқты көрінгенмен, бүгінгі сот отырысы бір сағатқа созылды. Атышулы «Қорғас ісі» бойынша сотталған Жақаевтың қанша жыл, қанша ай, қанша күн айыппұл төлеу керектігі судьяны, түзеу мекемесінің өкілін, тіпті прокурор мен қорғаушының өзін біраз әуреге салды.

Түзеу мекемесінің өкілі атаған бұл мерзімге келіспеген прокурор 2 күн қосып санады. Заң бойынша өтелмеген 4 күн бір айлық есептік көрсеткішке тең. Сондықтан әрбір күннің маңызы бар. Талғат Жақаев 17 жылдық жазаның 8 жыл 3 ай 14 күнін Семейдегі 156/14 түзеу мекемесінде өтеген болатын.

Ермек Шымыров,  қалалық 2 сотының судьясы:

- Сотталған Талғат Жақаевқа тағайындалған бас бостандығынан айыру түріндегі жазасының 8 жыл 8 ай 15 күн өтелмеген бөлігі 793 айлық есептік көрсеткіш 2 миллион 4 мың 850 теңгеге нақтылансын.

Ал бұрынғы кеден қызметкері Құрманбек Артықбаев 14 жылдық бас бостандығынан айыру жазасының жартысынан көбін өтеген. Сондықтан айыппұл құнын анықтау туралы түзеу мекемесі басшысының ұсынымы тез қаралып, қаулы тез шықты. Бостандық құны белгіленді.

Торғын Құдайбергенова, қалалық 2 сотының судьясы:

- Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2014 жылғы 20 маусымдағы үкімі бойынша сотталған Құрманбек Жуасұлы Артықбаевқа тағайындалған бас бостандығынан айыру түріндегі жазасының 5 жыл 7 ай 8 күн өтелмеген бөлігі айыппұл жазасының құны 1 миллион 289 мың 644 теңгеге нақтылансын.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Отырыс соңында судья осы қаулы бойынша 15 тәулік ішінде Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасына шағымдануға болатынын жеткізді.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы