389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында биыл автобус жүргізушілерінің кесірінен 5 адам қаза тапты

  • 82
  • UPD: 09:52, 11.10.2019

Қарағанды облысындағы қоғамдық көлік жүргізушілері жыл басынан бері 650 рет жол ережесін бұзып, салдарынан 5 адам мерт болған. Апта ішінде полиция қызметкерлері жүргізушілерді тәртіпке шақырып, жол ережесін өрескел бұзғандарды жазаға тартады. Жалпы бүгінде тұрғындардың қоғамдық көлік жүргізушілеріне көңілі тола ма, қандай талаптары бар?

Таңертеңгілік және кешкілік қарбалас уақытта қоғамдық көлік жүргізушілері дәл осылай бір-біріне жол бермей, қала көшелерінде жарыс ұйымдастырады. Ал жөнсіз дабыл берудің өзі жол ережесіне қайшы дейді тәртіп сақшылары. 

Құрманғали Ысмағұлов, полиция департаменті басшысының орынбасары:

- Тек қана аялдамада емес, жүріп келе жатып та еш себепсіз дабыл берсе, жол ережесін бұзған болып саналады. Ондай жүргізушілерді біз әкімшілік жауапқа тартамыз. 

Қазір облыстағы барлық автопарктердің қарамағында шамамен 1700-ге жуық автобус бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын жол ақысын көтергенде дәл сол автопарк басшылары қызмет көрсету сапасының жақсаратынын айтып сендірген. Алайда тұрғындар ол өзгерісті байқамадық деп отыр. 

Александр Чупахин, қарағанды қаласының тұрғыны:

- Кейбір автобустардың есіктері дұрыс ашылып, жабылмайды. Талай рет қысылып қалған кездер болды. 

Ораз Қабықаев, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Олар негізінен жолдың бірінші жолағымен жүруі тиіс. Ал бізде үшінші жолаққа түсіп алады. Кейбірі тіпті, жолдың қарсы бетіне шығып, жолаушылардың өмірін қауіпке тігеді. Оларға ең бастысы, жоспарды орындау керек, қалғанына бас қатырып жатқан жоқ. 

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, жыл басынан бері автобус жүргізушілері 650 рет жол ережесін бұзған. Мәселен, көктемде 3 бірдей қоғамдық көлік соқтығысып, 11 адам түрлі  жарақатпен ауруханаға түскен болатын. 

Ольга Мотейко, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Мен дәл осы апат кезінде автобуста болғанмын. Олар бір-бірімен жарысып, ақыры соғылды. Жанымда тұрған ересек әйел мен жас қыз ауыр жарақат алды. Содан бері қоғамдық көлікке мінуге қорқамын. 

Мамандардың мәліметінше, биыл 12 мың автокөлік техникалық тексерістен өтпей қалған. Әрбір 4-машинаның тежегіші жұмыс істемейді екен. Бірақ өкінішке орай, көліктің ақауы жоқ деген құжатты беретін дәл сол операторлардың көпшілігі адал еңбек етіп отырған жоқ дейді брифингке қатысқандар. 

Дастан Жұмақұлов, облыстық транспорттық бақылау инспекциясы басшысының орынбасары:

- Жыл басынан бері техникалық байқау жүргізетін 10 оператор әкімшілік жауапқа тартылып, орталықтар жұмысы 6 айға дейін тоқтатылды. Олар жалған құжат беріп келген. 

Құрамында тәртіп сақшылары, транспорттық бақылау инспекторлары, прокурорлар мен экологтар бар мобильді топ қазір қала көшелеріне шығып, қоғамдық көліктердің жұмысын жаппай тексеріп жатыр. Соның нәтижесі бойынша тиісті шара қолданылмақ.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы