419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Студенттер арасында жатақхана тапшылығы мәселесі әлі де өзекті

  • 1079
  • UPD: 20:56, 18.11.2019

Елордадағы белді оқу орындарында студенттерді толықтай жатақханамен қамту мүмкін болмай тұр.

Мәселені шешу үшін білім ордалары қосымша ғимарат салуға ынталы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда, бір-екі жылда жер бөліне ме? Жалпы студенттердің жатақханадағы тірлігі қалай өрбіп жатыр?

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Болашақ инженер Дәурен Сатпай ел аузында «аграрка» атанып кеткен белді университетте білім алады. Қазіргі тұрағы осы жатақхана. Қос қабатты екі төсекте төрт жігіт жатыр. Бірақ барлығы үшін бұл ұя ыстық сияқты.

Дәурен Сатпай, студент:

Осы жатақханада тұрып жатқаныма екі жыл болды. Университетіміздің қамтамасыз еткен дәріхана, дүкендері бар. Бізге барлығы қолайлы.

Сәкен Сейфуллин атындағы аграрлық университетте әзірге сегіз студенттер үйі бар. Әттең, 8 қабатты ғимаратта жеделсаты жоқ екен. Интернет бар, бірақ ақылы. Айтпақшы, кір-қоңын жуу үшін де студент ақша төлейді. Бірақ, университет басшылығы үшін басты мәселе орын жетіспеушілігі. Қазір оқу орнындағы тәлімгерлердің 95 проценті жатақханамен қамтылған.

Жайнагүл Құсайынова, С.Сейфуллин атындағы ҚАТУ проректоры:

- Біз қалған 5%-іне Кенесары-Сарыарқа көшесінде қосымша хостелден орындар алып отырмыз. Әрине, студенттерге тұрған орны ұнамайды. Себебі, барлығы осы университеттегі студенттік қалашықтағы жатақханалардан орын алғысы келеді. Біз білім алушыларға қызмет көрсетуді жақсарту үшін олардың барлық талаптарын қамтамасыз етуге тырысуымыз керек.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Ал Еуразиялық университетте 4500 бала жатақханамен қамтылған. Білім ордасының басшылығы студенттер үйінің асылында 3000 тәлімгерге шақталғанын мойындады. Соған қарамастан, студенттерді далаға қалдырмаудың амалын тапқан сыңайлы. Пәтер іспетті жасақталған мына үйде студенттер емін-еркін тұрады. Жеделсаты да жұмыс істеп тұр.

Мөлдір Жұмағалиева, студент:

Біз жылына жатақханаға 180 мың теңге төлейміз. Оның ішіне осы бөлмеде тұрып жатқанымыз, Wi-Fi-ымыз, кір машина, тоңазытқышымыз, өзімізге жеке берілген ас бөлмеміз, ванна, туалетіміз барлығы осының ішіне кіреді.

Қос университет те заманауи ғимараттарын көрсетіп бақты. Әрине, студенттердің игілігі үшін жасалған жұмыс аз емес. Бастысы, жер бөлінсе, мемлекеттік білім ошақтары жатақхана мәселесін толықтай шешуге дайын.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Аят Дүйсембаев

Хабар 24 телеарнасы