381,10 419,30 5,69

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұрсұлтан Назарбаев озық ойлы, жаңашыл көзқарасты жастармен кездесті

  • 480
  • UPD: 23:26, 27.11.2019

Марсты зерттеуге арналған бірегей робот авторы, омыртқа ақауын жөндейтін дәрігер, түйе сүтінен балмұздақ жасайтын кәсіпкер және Тұңғыш Президент - Елбасы қорының өзге де лауреаттары. Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев озық ойлы, жаңашыл көзқарасты жастармен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халықаралық білім бәйгелерінің жеңімпаздарына «Ел мақтанышы» сыйлығын табыстады.

«Біздің буын егемендікке қол жеткізіп, бүгінгі ұрпаққа аманат етті. Енді сол ең қастерлі құндылықты сақтап қалу шарт». Бұл бүгін Тұңғыш Президент – Елбасының жаңа буын жастарға айтқан басты өсиеті. Ал өскелең ұрпақ сенімге селкеу түсірмейтін хәлде қазір. Өнер мен білімнің кілтін тауып, аспан көкке асам деуші жастарға қолдау бар, қаржы да жеткілікті.

Еліміздің 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасына сай келешек ұрпақ білімді әрі үш тілді жетік меңгерген тұлға болуы тиіс.

«Сондықтан стратегиялық құжатты жүзеге асыруда ең алдымен ұрпақ тәрбиесіне мән бердім», - деді Елбасы. Осы мүдде жолында өткен ғасыр соңына қарай «Болашақ» бағдарламасы дүниеге келді. 13 мың жас шетелде тегін білім алды. Әр өңірде заман талабына сай зияткерлік мектептер ашылды.

Жуырда Түркістанда тағы біреуі есігін айқара ашады.

Болашаққа нық сенім ұялатқан жастардың бір парасын бүгін Елбасы марапаттады. Тұңғыш Президент қорының жаңа бастамасы «Ел үміті» жобасының қатысушылары Батыр Сардарбеков ұстазы Темірлан Сатылхановпен бірге 2 млн теңге сыйақыға ие болды. Халықаралық ақпараттық технолологиялар университетінің студенті информатикадан Әзербайжанда өткен жарыста алтын жүлде еншілеген.

«Ел мақтанышы» – халықаралық олимпиада жеңімпаздарына арналған Тұңғыш Президент қорының сыйлығы. Білім бәйгелерінде оза шапқан өрендерге 500 мыңнан 2 млн теңгеге дейін сыйақы беру үшін тағайындалады. Бұл – сол Елбасы қорының «Ел үміті» жобасының нақты нәтижесі. Бастама аясында талантты жастарды қолдау, шетелге тағылымдамаға жіберу, гранттық қаржы ұсыну сынды бағыттар қамтылады. Жоба қатысушылары еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүр. Тұңғыш Президент қоры аясында IT кеңес құрылған болатын. Оған ақпараттық технология саласын жетік меңгерген жастар бірікті. АҚШ-тың кремний алқабында жұмыс істеп жүргендері елге оралып, өз елінің мүддесі үшін қызмет етуге кірісті.

Рашид Дүйсембаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры кеңесінің төрағасы:

- Біз «Смарт жолы» атты жоба арқылы стартаптарды ілгерілетуге көмектесеміз. 3 жылда 2 мың қазақстандықты осы іске тарттық. Үздік деген 27 жобаны Сингапурға жібердік. Олар Оңтүстік-Шығыс Азияның ең үздік 100 жобасының қатарына енді.

Қазақстандық өреннің жобасы енді Марста қолданылуы мүмкін. Дәл осы қордың қолдауымен былтыр NASA Space off challenge жарысына қатысқан Тимур Рысбековтың командасы мамандандырылған роботты таныстырды. Сөйтіп, сол жобасымен жеңіске жетті.

Тимур Рысбеков, «Ел үміті» жобасына қатысушы:

- Мұның басты ерекшелігі – мәліметтерді тез арада өңдеп, нәтижесін жерге жібереді. Ол үшін біз кездейсоқ сандардың кванттық генераторын ойлап таптық. Жобамызды патенттеп алдық. Робот химиялық 87 мың реактивті зерттеп, температурасын анықтап, радиациясын зерделейді. Қажетті симуляция жүргізуге де мүмкіндік береді. Бүгін ғана бізге халықаралық компаниядан кремний алқабына шақырту келді.

Елбасы алдында кәсіпкерлік саласының бүгінгі буыны да қол жеткен жетістіктерімен бөлісті. Ата кәсіпті өрістеткен Баян Дүйсенбек түйе сүтінен балмұздақ жасаумен айналысады. Мемлекет қаржысын ұқсатып, шаруасын ширатып келеді.

Жастардың бойынан зор қажыр-қайрат, мол күш-жігерді байқаған Елбасы «Біз мықты елміз» деді. Солай болуы тиіс те еді. Ғылым мен білімге ұмтылған буынның ғана келешегі кемел.

Тұңғыш Президент қоры қазір ауқымды трансформациядан өтіп жатыр. Өңірлердегі қабілетті балаларды іріктеу, ізденімпаздарын ынталандыру, қала берді ауыл мектептерін жаңартуға да атсалысады. «Себебі, болашақ жастардың қолында. Қазіргі алмағайып заманда көштен қалмау маңызды», - деді Елбасы.

Авторы: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы