375,91 420,09 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырауда теңіз итбалықтарының қозғалысы спутник арқылы бақыланады

  • 223
  • UPD: 23:37, 10.12.2019

Ғалымдар Каспий итбалығының тыныс-тіршілігі мен миграциялық өрісін ұдайы бақылап отырмақ, деп хабарлайды «Хабар 24»

Бұл үшін оларға арнайы микрочип тағылады. Жалпы елімізде итбалық тек қана Каспий теңізінде ғана кездеседі. Өкініштісі сол, бүгінде тұқымы азайып барады.

Осыған орай ихтиолог-ғалымдар жаңа технологияның көмегімен теңіз мақұлығын жіті зерттейтін болады.

Спутниктік бақылауға арналған микро қондырғы 9 ересек итбалыққа тағылды. Ақ айдында алаңсыз тірлік кешіп жүрген су жануарына белгі тағу оңай шаруа емес. Алдымен олардың жатағын анықтап, сосын үркітпей ғана қолға түсіру үшін ғалымдар көп тер төкті.

Гүлсім Мұтышева, теңіз биоресурсын зерттеуші ғалым:

– Итбалықтарға арналған  микрочип олардың арқасына немесе басына эпоксид желімінің көмегімен орнатылған.  Ол теңіз жануарының саулығына еш залал келтірмейді. Сол арқылы біз олардың тіршілігін ғарыштан бақылаймыз. Жатағын, өрісін анықтаймыз, есебін аламыз.

Жаңа жобаның нәтижесі ғалымдардың өздерін де таңғалдырып отыр. Олар ғарыштық жүйе арқылы итбалықтармен жете таныса бастады.

Қуанышбек Мұханов, экологиялық мекеменің директоры:

– Бұл – біздің белгі таққан итбалығымыз. Мінекей, ол жағаға шықты. Жалпы, біздің кейіпкеріміз бір айдың ішінде Макачкалаға дейін сапарлап, 1 мың шақырым жол жүрген.

Осылайша, ғалымдар теңіз мақұлығының тыныс-тіршілігінен хабардар болады. Олардың өрісі, көбею процессі бәрі де алақандағыдай. Айтқандай, итбалық 80 метр тереңдікке дейін дем алмастан сүңги алады екен.

Қаңтар айында итбалықтар мұзға күшіктей бастайды. Енді ғалымдар көшпелі су мақұлығының көбею процессін бақыламақ. Олар – теңіз жануарларының ішіндегі төлін сүтпен қоректендіретін бірден бір тіршілік иесі. Сүті өте қою, маңызды. Майлылығы 50 процентке жетеді екен. Итбалықтардың көбею процессін ғалымдар ресейлік әріптестерімен бірге бақыламақ. Ол үшін арнайы жабдықталған ұшаққа тапсырыс берілді.

Сағиден Ербөлеков, ихтиолог:

– Арнайы қондырғымен жабдықталған ұшақ-зертхана мультиспекторлық түсірілім жасауға мүмкіндік береді. Сол кезде біз фото, бейне жазбаларға қол жеткіземіз.

Кейінгі 20 жылда теңіз жануарларының санағы мүлде жүргізілмеген. Ресейлік ғалымдардың есептеуінше, бүгінде Каспий теңізінде 300 мың бас итбалық бар көрінеді. Оның 100 мыңдайы қазақстандық секторда тіршілік етеді. Бірақ бұл болжам ғана. Көп ұзамай  ғалымдар Каспий теңізінің солтүстік жағалауындағы итбалықтардың нақты санын анықтай алады.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев

Хабар 24 телеарнасы