378,36 406,00 5,78

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматылық дәрігерлер еуропалық мамандармен иық буындарын ауыстыру операциясын жасады

  • 128
  • UPD: 07:48, 15.02.2020

Алматылық дәрігерлер еуропалық мамандармен бірлесіп, иық буындарын ауыстыру операциясын жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шетелдік әріптестер күрделі жарақат алған адамдарды емдеудің жаңа тәсілдерімен бөлісті. Енді отандық хирургтер кішкентай кесу арқылы буынға операция жасай алады, ал емделушілер аз уақытта аяққа тұрады. Бірегей операция бірінші рет алматылық жігітке жасалды.

7-қалалық аурухана дәрігерлері француз және ресейлік мамандардан буын ауруларын емдеудің жаңа әдістерін меңгерді. Бірегей операция барысында иық буыны толықтай ауыстырылды. Емдеудің бұл түрі иық жарақатын алған, буын іші сыну және артроз дертіне шалдыққандарға жасалады. Жаңа тәсілдің ерекшелігі – операциядан соң науқастың буыны жылдам қалпына келеді. 3 аптадан соң ол иығын өз бетінше қозғалта алады.

Жасұлан Арғынбаев, дәрігер-травматолог:

– Біздің пациент бұдан 5 жыл бұрын жарақат алған. Сол жарақат нәтижесінде 4 рет ота жасалған басқа клиникаларда. Қолдың қызметі істен шыққан. Соны осы ота арқылы қалпына келтіреміз. Бұл кезде қолдың жұмыс істеуі, кеңсігі ұлғаяды, және бұрынғы қалпына келеді. Жасалып жатқан оталардың барлығы міндеттелген әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша жасалып отыр.  

Еуропалық мамандар эндопротездеудің тағы бір әдісін көрсетті. Бұл жолы науқасқа жасанды жамбас буыны салынды. Алматылық дәрігерлердің мұндай операция жасауда тәжірибесі бар. Бірақ еуропалық сарапшылар протезді ауыстырудың инвазивті әдісін көрсетті. Яғни операция аз ғана кесу арқылы жасалады әрі емделуші көп қан жоғалтпайды.

Патрик Виалье, хирург /Франция/

– Мұндай хирургиялық әдіс 60 жастан асқан адамдарға жасалады. Қимылы аз әрі буындары шыққан жандар осы операцияға жүгіне алады. Науқас операциядан соң бірден аяғын басып жүре алады. Буын 3 айдан соң толық қалпына келеді.

Әлемде эндопротездеу әдісі буыны сырқыраған науқастардың  20 пайызына жасалады. Қазақстанда бұл операция тегін жасалады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Анастасия Вылегжанина, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы