411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Той тойлап жүргендер көп»... Маңғыстаулық қоғам белсенділері дабыл қағуда

  • 262
  • UPD: 22:07, 27.03.2020

Маңғыстаулық қоғам белсенділері халықтың вирусқа немқұрайлы қарап жүргендерін айтып, дабыл қағуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындар карантинді демалыспен шатастырып алғанға ұқсайды. Той тойлап, көрісіп жүргендер әлі бар. Алайда мамандар сақтық шараларын сақтамаудың соңы қайғылы жағдайға әкеліп тіреуі мүмкін екенін айтады. Коронавирус – бұл адамды ажал құштыратын инфекция. Сақтанудың ең тиімді жолы – үйде отыру дейді дәрігерлер.

Қоғамдық қор жетекшісі Жақсыгүл Маханбетова 12 күннен бері үйінде отыр. Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы ұжым болып қашықтан жұмыс істеуге көшкен. Мамандар берген сақтық шараларын жіті сақтауда. Қоғам белсендісін елімізге келген індетке бей-жай қарап жүрген жерлестерінің әрекеті алаңдатып отыр.

Жақсыгүл Маханбетова, қала тұрғыны:

– Әлеуметтік желіге қарасақ, өңіріміз әлі де қамсыз жатыр. «Келін түсіріп жатырмыз. Қызымызға сырға салып келді. Көрісіп барып жатырмыз, туған күн тойлап жатырмыз» деген қуаныштарымен бөлісіп жатқан. 13 наурыздан бастап әлеуметтік желіде осындай мәліметтерді көргеннен кейін күнделікті пост жариялаймын. Мұндай індетпен ойнауға болмайды. Сақтық шараларын алуымыз керек. Ең қарапайым нәрсе – бұл оқшау үйде отыру.  

Расында елімізде той тойлап жүргендер әлі бар. Оны әлеуметтік желіде күнде жарияланып жатқан бейнежазбалардан көруге болады. Халыққа ондаған адамды жинаудың қауіпті екенін түсіндіру үшін аймақ басшылары, мәслихат депутаттары, құзырлы орган өкілдері күн сайын адам көп жүретін орындарға рейдке шығуда. Топ мүшелері тұрғындарды сақтық шараларын сақтап, індеттің алдын алуға шақыруда.

Аббат Өрісбаев, облыстық мәслихат депутаты:

– Еуропа елдерінде осы індеттің өсуіне халқының, азаматтарының немқұрайлы қарағаны. Тек қана әкімдік немесе басшылықтардың жұмысы деп қабылдамай, халық өзі күресу керек. Қоғам болып бірігіп күреспесек, өкінішке орай күрестің нәтижесі төмен болады. Осы үндеуді салып, отандастармыды, жерлестерімді бірге күресуге шақырамын.

COVID-19 инфекциясы өзге вирустарға қарағанда өте тез жұғады. Ең қауіптісі – сен тек тасымалдаушы ғана болуың мүмкін. Осылайша отбасыңа, жақындарыңа індет жұқтырасың. Сондықтан да көпшілік ортаға бармай, үйде отырған абзал дейді Ақтаудың бас санитар дәрігері.

Асима Жұмабайқызы, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы:

– Біздің аймақ тұрғындары әлі той тойлап жүр. Тойды қоя тұры керек. Сақтану керек. Жиынға барған 50, 100 адам бір мезетте вирус жұқтыруы мүмкін. Бұл өмір мен өлімнің мәселесі. Абай болайық!

Тоғыз жолдың торабында орналасқан аймаққа соңғы күндері шет елдерден 100-астам ел азаматы келді. Қазір барлығы карантинде жатыр. Барлық жерде індетке қарсы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Халық көп жүретін маңызды орындар түгел дезинфекцияланып жатыр.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы