423,75 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Украинадан арнайы бортпен 76 Қазақстан азаматы елге оралды

  • 602
  • UPD: 00:38, 28.03.2020

Бүгін таңертең Украинадағы отандастарымыз елге оралды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Киевтен жетпіс алты Қазақстан азаматы мінген ұшақ Алматыға келіп қонды. Чартерлік рейсті Мемлекет басшысының тапсырмасымен Сыртқы істер министрілігі ұйымдастырды.

Бортта Украинаның Львов, Харьков, Винница, Одесса, Полтава және Днепр қаласы, сондай-ақ Словакиядан екі қазақстандық студент бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелде жүрген отандастарымызды елге қайтару туралы тапсырма берген болатын. Украинадағы қазақстандық елшілік сол елдегі отандастарымызбен байланысып, олардың бір ұшақпен елге қайтуын ұйымдастырды.

Гаухар Өтелбаева, Қазақстан азаматы:

– Үйге бара жатқаныма қуаныштымын. Атамекеннің қадірін қазір түсінген шығармыз.

Елге қарай бет алған отандастарымыздың қуанышын түсінуге болады. Әлемді шарлаған індет жұрттың бәрін алаңдатып отыр. Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы, шекара жабылды, аурудың таралуының алдын алу үшін ірі қалалар да оқшауланды. Дегенмен шетелдегі азаматтарымызды елге қайтару үшін Сыртқы істер министрлігі әлі де келіссөздер жүргізуде.

Дархан Кәлетаев, Қазақстанның Украинадағы төтенше және өкілетті елшісі:

– Елшілік қолынан келгенше, бар жағдайды жасап, Қазақстан азаматтарын елге жіберу мақсатында жұмыс атқарды. Әрине, менің ойымша үлкен жұмыстар күтіп тұр. Әлі де Қазақстан азаматтары Украина елінде бар. Бірақ бүгінгі таңда қайтам деген азаматтарды аттандырып жатырмыз.

Бүгін таңертең Алматы халықаралық әуежайына келіп қонған ұшақ экипажы мен жолаушыларын арнайы киім киген сыртқы істер министрлігінің өкілдері, шекарашылар мен кеден қызметкерлері қарсы алды. Сондай-ақ санитарлық дәрігерлер тепловизормен жолаушылардың дене қызуын тексерді.

Нұрлан Ысқақов, ҚР СІМ өкілдігінің басшысы:

– Соңғы уақытта Малайзиядан, Әзербайжаннан рейстер ұйымдастырылды. Білуімше, Петербордан 3 рейс ұшып келді. Орташа алғанда, әр рейспен 50-ден аса азаматымыз келді. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Польшадан 207 жолаушы, Әзербайжаннан 55 азаматмыз оралды. Латын Америкасынан да жинап әкелген топ болды.

Украина азаматтарын отырғызған әуе кемесі көп ұзамай Қазақстаннан қайта ұшып кетті. Ал елге оралған қазақстандықтар арнайы емханада медициналық тексеруден өтіп, коронавирус инфекциясының бар-жоғын анықтау үшін тест тапсырады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Аида Хаметжанова, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы