411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-да шаруашылық жұмысшыларына өткен күзгі орақтың еңбекақысын бермеген

  • 49
  • UPD: 10:27, 20.05.2020
СҚО-да шаруашылық жұмысшыларына өткен күзгі орақтың еңбекақысын бермеген

Солтүстік Қазақстан облысындағы Ақтүйесай ауылының тұрғындары тоғыз айдан бері еңбекақыларын ала алмай жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

СҚО Уәлиханов ауданы Ақтүйесай ауылының тұрғындары «Қызылту Астық» ЖШС 2019 жылғы орақта маңдай термен тапқан еңбекақыларын ала алмай жүр. Елді мекен тұрғыны Виктория Крахмалеваның күйеуі осы шаруашылықта механизатор болып еңбек еткен. Жұмысшының алашағы 530 мың теңге.

«Менің күйеуім ақшасын ала алмай жұмыстан шығып кетті. Қаңтарда, кейін ақпанда береміз деп, осылайша ай сайын бізді құр сөзбен шығарып салады. Соңғы рет 1 мамырға дейін міндетті түрде береміз деп уәде етті. Ол да бос сөз болып шықты. Құжаттарды жинап, арыздандық. Нәтиже жоқ», - дейді Виктория Крахмалева.

Викторияның үш баласы бар, үлкен қызы эпилепсиямен ауырады. Жарты жылда бір рет ауруханаға апарып тексертуі қажет. Келіншектің айтуынша, қаражаттың жоқтығынан олар ешқайда шыға алмай отыр.

«Күйеуім ол шаруашылықта 13 жыл еңбек етті. Еңбекақыны бұрын да кешіктірген кездері болды. Бірақ көп ұзатпай төлейтін. Күте-күте шаршадық», - дейді елді мекен тұрғыны.

СҚО Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының мәліметінше, «Қызылту Астық» ЖШС 70 адамға 29,8 млн теңге қарыз. Жұмысшылардан былтыр арыз түсісімен еңбек инспекторлары тексеріс жүргізіп, қарызды жою үшін кәсіпкерге ұйғарым берген. Алайда ЖШС ол міндетті орындамаған.

«Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, «Қызылту Астық» ЖШС микрокәсіпкерлік субъектісі болып есептеледі. Ал елімізде 1 қаңтардан бастап шағын кәсіпкерлік нысандарын тексеруге мораторий жарияланған. Сол себепті біз бұл шаруашылықты екінші қайтара тексере алмаймыз. Тұрғындарға бұл мәселені сот арқылы шешуге кеңес береміз», - дейді СҚО Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қайрат Пішенбаев.

Хабар 24 телеарнасы