418,90 492,14 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қайрат бар, қаражат жоқ...

  • 162
  • UPD: 22:46, 09.07.2020

Елорда іргесіндегі Өндіріс ықшам ауданында жаңа спорттық нысан бой көтереді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті жанашыр осындай бастама көтеріп, оны іске асыруға білек сыбана кіріскен. Ержан Есжанов бүгінге дейін жер мен құжатқа қатысты мәселені реттеп үлгерді. Енді құрылысты бастап кетуге қосымша қолдау қажет.

Ондаған мың тұрғыны бар ықшам ауданға бір спорттық нысан қажет. Бұл мәселенің көтеріліп келе жатқанына біраз болды. Ақыры жергілікті тұрғындардың бірі барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, оған қажетті жобаны дайындады. Жоспар бойынша мына жерде аумағы 800 шаршы метр болатын күрес залы бой көтеруі керек. Спорт жанашыры оған қолайлы жерді алып, жарық пен жылу желілерін жүргізуге қатысты мәселені реттеген. Енді құрылысқа ден қояйын десе, қаржы жеткіліксіз. Сөйтіп, кейіпкеріміз әлеуметтік нысан құрылысына қолдау іздеп, талай табалдырықты тоздырыпты. Бірақ еш жерде тұшымды жауап жоқ дейді. 

Ержан Есжанов, жоба авторы:

– Енді бір көмек бола ма деп ойлаймыз. Бұл әлеуметтік жоба ғой. Мұнда базар болмайды, мейрамхана болмайды, сауда үйі болмайды. Кішкентай балалар  күресетін зал салайын деп жатырмыз.

Таңдаудың күрес залына түсуі де бекер емес. Ержан Есжанов спорттың осы бағытын кәсіпқой тұрғыда біледі. Атақты бапкерлермен жұмыс істейді. Өзінің ұлдары да шетінен  спорт шебері. Енді осы жиған-тергенін жас балалармен бөліссем дейді. Әсіресе, дәл осындай аудандардан небір әлем және олимпиада чемпиондарын шығаруға болатынын айтады.

Біздің елде осындай жобаларды қолдайтын  бағдарламалар бар. Бірақ оған қатысу үшін кепілдік керек. Ал қазір қалыптасқан жағдайға байланысты барлық жерде қаржы қатты үнемделіп жатыр. Сондықтан кейіпкеріміз инвесторлардың көмегіне жүгінгені дұрыс, дейді мамандар.

Алмат Жүнісов, қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Біз өз тарапымыздан ол кісіге қолдан келгенше қолдау жасап, құжаттарын тиісті жерлерге жібердік. Бірақ мұндай ауқымды жобалар кепілдікті қажет етеді. Бірақ оның әлеуметтік маңызы барын да ескерген абзал. Сондықтан қазіргі таңда ең тиімді жолы инвесторлардың не арнайы қорлардың көмегіне жүгіну.

Қалай болғанда да мына ашық алаңда алдағы 5 жыл көлемінде спорттық нысан салынуы қажет. Арнайы комиссия осындай шешім шығарды.

Авторлары: Аслан Қаженов, Ермек Кеңшебек, Ерзат Зайытқан

Хабар 24 телеарнасы