427,01 518.00 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жайылым жерімізді өзімізге қайтарсын – Алматы облысы Алтынарық ауылы тұрғындарының талабы

  • 547
  • UPD: 23:23, 30.07.2020

Ақсу ауданы Алтынарық ауылының тұрғындары жергілікті әкімдікке осындай талап қойды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені кешелі бері елді мекен іргесіндегі 40 гектар жерді «Ақсу» агрохолдингі жоңышқа себу үшін жырта бастаған. Осыған наразы көпшілік көкейкесті мәселесін көтерді.

Жайылымы тарылған жұртшылық ауыл іргесіндегі алқаптың егістікке айналуына қарсы. Өйткені олар күн сайын осы жер арқылы күнкөріс көзіне айналған төрт-түлігін өргізеді екен. Әрі енесінен ажыратылған бұзауларын бағатын көрінеді. 

Емберген Рахымбеков, Алтынарық ауыл тұрғыны:

– 140 отбасының малы осы жерде жайылады. Ауылдың шетінен бастап 120 гектар жайылым бар. Бізге айтады, 1200 гектар жер бар дейді. Оның қайда екенін білмейміз.

Елді мекендегі жер дауы агрохолдингтің бос жатқан алқапты игере бастауынан кейін туындаған. Шаруашылықтағылар кеше техника әкеліп, 10 гектардан аса жерді жыртып үлгеріпті. Қалған жұмыс көпшіліктің қарсылығынан соң  тоқтатылған.

Секен Тұрымханұлы, Алтынарық ауыл тұрғыны:

- Жерді жыртып тастайтын болса, халықтың күнкөрісі төмендейді. Жоңышқа немесе басқа дақылдар салатын болса, малымыз түседі. Сиыр, жылқы бәрі бар. Аз ғана бес-он малымыздың бұзауын алғысы келгенге ұқсайды.

Ауыл халқының жайылым дегені құжат жүзінде суармалы егістік жер екен. Оны 2012 жылы «Ақсу» агрохолдингі өз меншігіне алған. Бірақ содан бері еш пайдаланбапты. Биыл шаруашылық құрылымының басшылығы ауысқан соң бос жатқан жерге жоңышқа екпек болған. 

Әмір Изембаев, агрохолдинг директорының орынбасары:

– Біз компанияны былтыр сатып алдық. Енді аудан аумағында 660 басқа арналған сүт фермасын салу жоспарымыз бар. Соған мал азығын дайындау үшін техника әкеліп, өнімділігі жоғары жоңышқа егуді қолға алған едік.

Тұрғындар жиналып, өз наразылығын білдірген соң ауылға аудан әкімі келді. Есім Базарханов көпшіліктің көкейкесті мәселесін шешіп беруге сөз берді.

Есім Базарханов, Ақсу ауданының әкімі:

– Біз енді келісейік деп отырмыз. Келіссек, бұрыңғы заңды алған аудандық жер қорына 40 гектарды қайтарсақ, оларға басқа жерден 40 гектар жер қарастырсақ деп келісіп отырмыз. Бұл жерді қайтарамыз.

Өрісін сақтап қалуға тырысқан ауыл тұрғындары аудан әкімінің ел алдындағы сөзіне сеніп тарасты.

Авторлары. Шыңғыс Қалиден, Жеңіс Әбдірешов

Хабар 24 телеарнасы