426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


А.Цой: Елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты

  • 150
  • UPD: 22:51, 10.09.2020

Соңғы тәулікте елімізде 86 адам COVID-19 вирусын жұқтырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ ішкі эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Өйткені ауру жұқтырудың тәуліктік көрсеткіші – небәрі 0,1 процент. Шілде айынан бастап жатын орын қажеттілігі 6 есе және жедел жәрдем шақырулар саны 5,5 есе азайған. Бірақ босаңсуға әлі ерте. Пандемия басталғаннан бері 2400-ден астам бала коронавируспен ауырды. Бүгінгі күні 34 бала емделіп жатыр деді премьер-министр орынбасары Ералы Тоғжанов.

Індет жұқтырғандардың 90 проценттен астамы сауықты. Алайда кәрі құрлықтағы эпидемиологиялық ахуал осылай жалғаса берсе, көктемдегі көрсеткіш қайталануы мүмкін. Тіпті ТМД елдерінде де коронавирус жұқтырғандар саны Қазақстаннан 5 есе көп. Сондықтан індет өршуінің келесі толқынына барынша дайындалуымыз қажет дейді мамандар.

Алексей Цой, ҚР денсаулық сақтау министрі:

– Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығына қарамастан, көршілес және шет елдердегі ахуалды үнемі бақылап келеміз. Әсіресе, Еуропадағы жағдай көңіл көншітпейді. Бұл тізімде Италия, Испания, Германия, Түркия мен Оңтүстік Корея елдері бар.

Елімізде шамамен 800 мың бала мектепке барып жүр. Оның ішінде 550 мыңға жуық оқушы кезекші топтарға, қалған 250 мыңы сыйымдылығы 180 орыннан аспайтын білім ордаларына барады. Бұл көрсеткіш жалпы контингенттің 24 процентін құрайды. Жалпы елде 1 млн 300 бала кезекші сыныптарда білім алу мүмкіндігіне ие. Онлайн сабақтар үшін оқушыларға 435 мың компьютер уақытша пайдалануға берілді. Мұқтаж отбасыларға тағы 300 мыңнан астам дербес құрылғы ұсыну жоспарланып отыр.

Асхат Аймағамбетов, ҚР білім және ғылым министрі:

– Балабақшадағы кезекші топтарға қатысты мәселені көктемде де көрдік. Қазір де көріп отырмыз. Қазір де балалардың келуіне мүмкіндік бар десек те, тек 30 пайыз ғана кезекші топтарға келіп отыр. Бұл дегеніміз ата-аналар осы індеттің қиындығын көріп отырып және де біле отырып, осындай шешім қабылдап отырғанын білу керек деп ойлаймын.

Онлайн білім берудің сапасын арттыру үшін ауыл-аймақтарда интернет ауқымы кеңейтіледі. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты. Оның сөзіне сүйенсек, тиісті жұмыстар байланыс операторларымен бірлесіп атқарылуда. Елдегі 6 мың 459 елді мекеннің 4 мың 646-нда әртүрлі технологиялар арқылы интернетке қолжетімділік қамтамасыз етілді.

Бағдат Мусин, ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

– Интернет сапасын барлық тұрғынға жеткізу мәселесі бойынша 2 жоба іске асырылуда. Оның бірі талшықты-оптикалық желіні 2020 жылдың аяғына дейін 1250 ауылды мекенге талшықты-оптикалық желіні тарту жұмыстары аяқталады, 20 мың км астам талшықты-оптикалық желі салынады. Ауылдарда 3G, 4G мобильді байланысын ұйымдастыру бойынша. Бұл жоба аясында байланыс операторларымен меморандум жасалып, осы жылдың соңына дейін тұрғындар саны 250-ден асатын ауылдарды мобильдік байланыспен қамту көзделген.

Қыркүйекте осындай 150 ауылды мекен мобильді интернетке қол жеткізді. Ал жыл соңына дейін тағы 700-ден астам ауыл қосылады. Сонымен қатар жаңа «Білім» тарифі іске қосылды. Бұл мұғалім мен оқушы арасындағы лимитсіз қоңыраумен қатар отандық білім беру платформасына қосылуға мүмкіндік береді. Яғни бұл мақсатта 600 платформа жұмыс істейді.

Авторы: Мирлан Алтынбек

Хабар 24 телеарнасы