432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өрт сөндірушілер оқиға орнына кеш жету себептерімен бөлісті

  • 329
  • UPD: 18:22, 04.10.2020

Құтқару операциясына асыққан бригада үшін әрбір минут қымбат, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда оны көпшілік түсіне бермейді. Біреулер дабылдатып келе жатқан көлікті көре тұра, жол беруге асықпайды. Енді біреулер үй аулаларына көліктерін дұрыс қоймай, оқиға орнына жедел жетуге бөгет жасайды. Өскемендік құтқарушылар осындай келеңсіздіктерді азайту үшін тәртіп сақшыларымен бірігіп, арнайы рейд өткізді.

Алдымен дабыл қосқан өрт сөндіру көлігі қала жолымен жүріп шықты. Дегенмен бұл күні жол үстінде жауапкершілігі мол жүргізушілер жиналып қалған сияқты. Барлығы дауысы жер жарған техникаға жол беріп, кедергі келтірмеуге тырысты. Құтқарушылар үнемі осылай болса ғой деп риза болып та жатты. Дегенмен көпқабатты үйлердің ауласына бұрыла сала бәрі күрт өзгерді.

Тізіліп тұрған көліктердің кейбірінің арасынан машина тұрмақ адам өте алмайды. Сондықтан жалпы салмағы 19 тоннаға жуықтайтын өрт сөндіру техникасы үшін қозғалыс қиындады. Маневр жасау мүмкін емес. Қалай жылжыса да, жеңіл көлікке барып тіреледі. Өрт шығып, шақыртулар алған кезде өрт сөндірушілер көбінесе дап осындай жағдайға тап болады. Кейде тіпті бей берекет тұрған жеңіл автокөліктерді өз күштерімен орындарынан жылжытуға тура келеді екен.

Азамат Мұқашев, ТЖД өрт сөндіру және апаттық құтқару қызметі бастығының орынбасары:

– Құтқарушылар үшін әр минут қымбат. Көп көлік жүргізушілері дабылмен келе жатқан техниканы көре тұра жол шетіне ығыспайды. Ал ауладағы жағдай тіпті бөлек әңгіме. Осы қаладағы Ертіс жағалауы маңындағы үйлердің бірінен өрт шыққан кезде біздің қызметкерлер жалын шығып жатқан жерге жете алмай қойғаны бар. Сол кезде құтқарушылар өз күштерімен көліктерді жылжытып жолды ашып алған. Ал мұның барлығы уақыт алады.

Қып қызыл өрт шыққан кездегі уақыттың қадірін Қайсенов көшесіндегі 4 қабатты үйдің тұрғындары жақсы біледі. Жазда, аяқ асты тұтанған жалын лезде 35 шаршы аумаққа өршіп, бір емес, бірнеше пәтерді шарпыған еді. Сол кезде бағымызға қарай өрт сөндірушілер жылдам келді дейді Нина Наумовна. Әйтпегенде ескі үйдің күлі ғана қалар ма еді кім білсін деп сол сәтті шошына еске алады.

Нина Шокорева, үй тұрғыны:

– Бұл кірпіш үй болғанмен өте ескі үй. Егер өрт түнде болса оның үстіне құтқаршылар техникасы жете алмай қалса осы жерге, онда сұмдық болар еді. Түк қалмай жанып кетер еді баспанамыз. Сондықтан барлық тұрғынды үлкен жауапкершіліке шақырамын. Аулаға көлікті тығып тастамаса екен деймін. Өйткені неше түрлі оқыс оқиғалар болады.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, аулаға көлік қойғанда оның қарама қарсы жақпен арадағы қашықтығы 3 метрден кем болмауы тиіс. Алайда көпшілік жеңіл көлік сыйса болды деген сөзді желеу етеді.

Сергей Коваленко, қалалық ПБ жол және техникалық инспекциясы бөлімінің бастығы:

– Сәйкес түстегі шамдарын жағып, дабылмен келе жатқан арнайы көлікті жібермей қойған көлік жүргізушілеріне 598 баптың 1-бөлімі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жеті айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Аула көлікке толып, арнайы техника кіре алмай жатса да, полиция қызметкерлеріне хабарласуға болады. Тиісті шара қолданып, сол көліктерді эвакуатормен алып кетеді.

Жалпы өрт сөндіру көлігі қала ішінен шақырту түссе, жоқ дегенде 10-15 минутта сол жерге жетуі тиіс. Өйткені әр минут адам өмірімен өлшенуі мүмкін.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы