432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтауда бірқатар шағын аудандағы ойын алаңдары тозып тұр

  • 138
  • UPD: 10:00, 15.10.2020

Жарылған асфальт жабындысы, сынған әткеншектер мен сырғанайтын биік төбешіктер балалар өміріне қауіпті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай көріністі қаланың төменгі бөлігіндегі мөлтек аудандардан көруге болады. Шаһар билігі осы мәселені қалай шешіп жатыр? Биыл жыл соңына дейін қанша алаңқай қалпына келтірілмек?

Талғат Исламұлы, тілші:

- 14-шағын аудандағы мына ойын алаңына жөндеу қажет. Асфальт жабындысы шұрқ тесілген алаңда шамамен 10-ға жуық ағаштан жасалған ертегі кейіпкерлерінің мүсіндері тұр. Күнге қақталып, жарылып кеткен бұл мүсіндердің қазіргі түрі қорқынышты. Оларды ұстап ойнаған баланың аяқ-қолына жаңқа кіріп, жарақат алу қаупі бар.

Медициналық орталық жанындағы бірнеше көпқабатты үйдің балалары осы алаңға келіп ойнайды. Оның қазіргі жай-күйінен хабардар ата-аналар жазатайым жарақат алудан сақтанып, сәбиін назардан тыс қалдырмайды. Айдана есімді қала тұрғыны соңғы жылдары бұл алаңның мүлдем жөндеу көрмегенін айтады. Жарылған асфальт пен сынып тұрған мүсіндерді алып тастап, орнына таза құм төсеп тастағаны әлдеқайда қауіпсіз болар еді дейді ол.

Айдана Кемелханова, қала тұрғыны:

- Әрине, бұл жерде заман талабына сай жаңа ойын алаңының болғаны дұрыс. Тым болмаса таза алаң салып берсе дейміз. Бұл туралы қала әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшасына жазып та жүрміз. Күні бүгінге дейін бір қозғалыс болғанын көрмедік. Қауіпті болғасын кейбір ата-ана мұнда балаларын жібермейді. Біз басқа жер болмаған соң осында келіп жүрміз.

Ал мынау – 3-шағын аудандағы көрініс. Тас-талқан болған тротуар тақталары. Бір жағына құлап жатқан айналмалы әткеншек төрт қабатты үй ауласының ажарын тайдырып-ақ тұр. Алаң ортасында тұрған құрастырылмалы төбешік тым биік. Оның өмірге қауіпті екенін ойын баласы да сезген болар, мұнда жүрген бір адамды көрмедік. Сөйтсек, олар жақын маңдағы алаңқайға барады екен.

Әбден тозығы жеткен әлгі ойын алаңдарының қашан жөнделерін сұрап, қала әкімдігіне хабарластық. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөліміндегілер бұл жұмыстың ендігі жылға жоспарланып қойылғанын мәлімдеді. Балаларға арналған ашық алаңдарды қалпына келтіру кезінде тұрғындардың ұсыныс-пікірлері де ескеріледі. 

Әнуар Туляков, қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

- 3-шағын аудандағы ойын алаңын келесі жылға жоспарлап жатырмыз. Алып тастап, орнына жаңасын салып береміз. 14 шағын аудандағы да ескі. Ағаштан жасалған фигуралар бар. Халықпен сөйлескен кезде оларды алып тастамай, оның орнына сырлап, ретке келтіріп берсеңіздер болады деді. Ал айналасындағы төбешік, әткеншектерді жаңартамыз.

Биыл қала аумағында балаларға арналған 9 ойын және 5 спорт алаңы қолданысқа берілді. Тағы 16 алаңда әткеншек, төбешіктері ауыстырылды. Десек те, алда кезең-кезеңімен атқарылатын жұмыс көп. Өйткені, Ақтаудағы 264 ойын алаңының 124-гі жөндеуді қажет етеді. Жауапты мамандар келер жылы 10 балалар алаңы салынатынын айтып отыр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Сұңғат Төлебаев

Хабар 24 телеарнасы