420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Аягөзде ашылған кардиологиялық орталық 40 адамның өміріне араша болды

  • 129
  • UPD: 21:12, 10.11.2020

Аягөзде 2-деңгейдегі кардиологиялық орталық ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл мақсатқа 421 миллион теңге бөлініп, америкалық ангиограф аппараты сатып алынды.

Енді жүрек-қан тамырлары аурулары мазалайтын көршілес Үржар, Жарма ауданының тұрғындары да алысқа сабылып қиналмайды. Бір айдың ішінде ғана орталыққа арнайы шақыртылған жоғары білікті маман 100-ден астам күрделі операция жасап, 40 адамның өмірін сақтап қалған. Дәрігерлердің жұмысымен танысып қайтқан тілшіміз Болат Көкенайұлы баяндасын.

Жоғарғы дәрежелі дәрігер Тимур Өтеғалиев бұған дейін елорда мен Алматыда жұмыс істеген. Ширек ғасырлық тәжірибесі бар маман «Болашақ» бағдарламасымен Оңтүстік Кореяда білімін шыңдаған. Ал Аягөз аудандық ауруханасына келіп еңбек ете бастағанына бір ай ғана болды. Шалғай ауылда жұмыс істеу туралы ұсынысқа бірден келіскен. Өйткені халыққа қызмет етуді өзіне абырой санайды.

Тимур Өтеғалиев, рентгенхирург, медицина ғылымдарының кандидаты:

– Науқасты апарып үлгере алмайды, сондықтан қасымызда тұрған ауылдардан әкеліп, Аягөздің өзінде дереу көмек көрсетіп жатыр. Бір жарым сағат үлгермесек, инфаркт ұлғая берсе, өлім көбейе береді. 100-ден астамын тексеріп, кеңес береміз. Шұғыл 40 адамның өмірін құтқарып қалдық. Мына аппаратта көп мүмкіндік бар, жүрекке операция жасауға болады, мидың тамырын тексеруге болады. Инсультты уақытында білеміз, оған да уақыт аз кетеді, оны да ешқайда апарып үлгере алмайсың. Мына аппаратпен бәрін жасауға болады.

Мықты құрал-жабдықтар, озық технология, білікті мамандар. Орталықта осының бәрі бар. Ауыл тұрғындары бұрынғыдай сабылып, алысқа бармай-ақ жоғарғы дәрежелі медицина қызметін алып жатқандарына дән риза.

Қабыланбек Дүйсенбаев, ауыл тұрғыны:

– 8 ай бұрын Астанада операция жасатқанмын, енді одан кішкентай мазалай берді. Ол жаққа баруға алыстау болды. Енді мына жерден ашылғанына алғыс айтамыз. Зейнеткер адамдар алысқа жүре алмайды, әйтеуір ауырғаннан кейін осы жерге келіп едік, үлкен ем болды. Ақ халаттылардың бәріне рақмет айтамын!

Виктор Котов, Аягөз қаласының тұрғыны:

– Кеше кешке жақын түскенмін. Қабылдау бөлімінде қарады, бірден операция жасады, қазір жағдайым жақсы. Дәрігерге рақмет!

Орталықтың мүмкіндігі әлі де кең, сондықтан болашақта мұнда тағы бір жаңа бөлім ашылмақшы. Мұнда жүректің көп тамырлы зақымдануы мен клапан ауыстыру операциялары жасалады. Қазір міне, жаңа құрал-жабдықтар әкеліп орнатылған. Енді білікті мамандар келуі тиіс.

Соңғы 3 жылда аудандық аурухананы күрделі жөндеп, жаңадан құрал-жабдықтар сатып алуға 2 миллиардқа жуық қаражат бөлінді. Инсульт орталығы ашылып, компьютерлік томография алынды. Іргелі өзгерістердің игілігін халық көріп жатыр. Алайда арнайы шақыртумен келген жоғарғы білікті маманның шешілмеген әлеуметтік мәселесі бар .

Тимур Өтеғалиев, рентгенхирург, медицина ғылымдарының кандидаты:

– Қазіргі кезде жалдап тұрып жатырмыз, аурухана төлеп отыр. Баспана тұрақты болмаса, қалай келесіз? Жағдай жасаса, ертең менен басқа да мамандар келеді. Өзім Астана, Алматыда жұмыс істедім. Сондықтан жағдай жасаса, адам жұмыс істейді.

Бұл мәселемен жергілікті атқарушы билік өкілдері жақсы таныс. Бейнематериал эфирге дайындалып жатқан кезде аудандық әкімдік жуық арада дәрігерге 2 бөлмелі пәтер берілетінін хабарлапты.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы