421,98 511.30 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақсудағы саябаққа қойылған капсуланы келер ұрпақ 2050 жылы ашып, өсиетті оқиды

  • 177
  • UPD: 10:25, 16.12.2020

Тұрғындар жаппай қауіпті індеттен зардап шегіп жатқанда оларға көмек көрсететін, алдыңғы шепте жүрген дәрігерлер де басын қатерге тігетіні анық. Қорғаныш құралдарын пайдаланбаса коронавирус құрсауында қалып қояды. Бір ғана Павлодар облысының Ақсу қаласында 48  медицина қызметкері вирустық инфекцияға шалдыққан. Олардың 9-ы Covid-19-бен ауырған. Ауруды жеңіп шыққан ақ халаттылар қызметтерін жалғастырып жатыр. Жуырда Ақсуда індетпен күрескен дәрігерлердің құрметіне фотосуреттер көрмесі ашылды.

Індет нағыз ушыққан кезеңінде бұл жандар аянып қалмады. Көзге көрінбейтін майданда адам өміріне араша түсті.  Көпшілігі ауруға шалдықты. Соған қарамастан  сертке берік мамандарды сүйікті жұмысымен қайта қауыштырды.

Серік Шайхин, Ақсу қалалық емханасының бас дәрігері:

- Біз індет басталған сәтте оның қаншалықты қауіпті болатынын білген жоқпыз. Вирус туралы көп біле қоймадық. Тік тұрып қызмет атқардық. Қауіпті вируспен күреске 98 медицина қызметкері жұмылдырылды. Олардың 31 –і дәрігер болса  45-і орта медицина қызметкері. Коронавирустың екінші толқынына да дайындық  жүргізілді. Қолымызда қазір клиникалық хаттама бар.

Коронавируспен Ақсу өңірінде  647 адам ауырған.  Қазір жұқпалы аурулар стационарында елу науқас жатыр. Төрт жүздейі амбулаториялық түрде емделіп жатыр.  Ал мына экспозиция кейіпкерлері қазір де жұмыс орнында. Ал бұл шара олардың ерен еңбегіне деген құрмет. 

Айгерім Қалиева, Ақсу қалалық жастар бастамаларын қолдау орталығының директоры:

- Індет кезінде бізге көмек көрсетіп қол ұшын созған медицина жұмыскерлеріне алғыс ретінде біз осы фотокөрмені ұйымдастырған болатынбыз. Әрине бұл фотокөрмеде сіз 70-тен аса жұмысты көре аласыз. Осындағы барлық жұмыстар осы поликлиникаға біз сыйлық ретінде қалдырамыз.

Ауыр кезеңде дәрігерлер мен науқастардың жанынан табылған волонтёрлер де ауруды жеңуге өлшеусіз үлес қосты. Жастар карантинге жабылған көп қабатты үйлерге азық-түлік жеткізіп отырды. Блокбекетте кезекшілікте тұрған қызметкерлерге тамақ тасыды. Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. 

Арина Әміренова, Ақсу қалалық «Волонтeрлер ізімен» ұйымының жетекшісі:

- Волонтёрлер Ақсу қаласы мен аймағындағы провизорлық орталықтарға көмектесті. Сонымен қатар біз маска тігіп тараттық. Коронавирус инфекциясынан қорғанудың бес алтын ережесі көрсетілген  буклеттерді  таратумен айналыстық.

Ақсу қаласында волонтёрлер саны үш есеге өскен. Шағын қалада қазір 700-дей ерікті бар. Жастар барлық саланы қамтиды. Бұл  жыл елімізге  оңай соқпады. Бірақ барлық күш бір арнаға тоғысты. Волонтёрлердің құрметіне Ақсудағы қалалық саябаққа белгі орнатылып, ішіне келешек ұрпаққа өсиет жазылған капсула қойылды. Ол 2050 жылы ашылады.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы