389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-ның Ресеймен сауда айналымы 8 айда 31 пайызға өскен

  • 780
  • UPD: 07:36, 10.11.2017

2017 жылдың 8 айында Солтүстік Қазақстан облысының Ресей Федерациясымен жасаған сыртқы сауда айналымы былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 31 пайызға өскен.

Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Челябіде өткен он төртінші өңіраралық ынтымақтастық форумы барысында мәлімдеді. Бес жылда бірлескен кәсіпорындар саны 40 пайызға артқан. Нәтижесінде олар бюджетке 20 млрд теңгеден астам салық төлеген. «Бүгінде қос елдің кәсіпкерлеріне кәсіптен нәсіп табу үшін барлық жағдай жасалып отыр», – дейді облыс басшысы. Құмар Ақсақаловтың айтуынша, ендігі меже екі ел арасындағы қатынасты жаңа белеске шығарып адами капиталға жіті көңіл бөлу қажет.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өңіраралық форум – бұл қай кезде болсын күн тәртібіндегі өзекті де өткір мәселелердің шешімін табуға мүмкіндік беретін бірегей алаң. Біз Омбыдағы әріптестерімізбен бірге ай сайын кезек күттірмейтін күрмеуі күрделі мәселелерді шешіп отыруға уағдаластық. Бүгінде қос елдің өнімдеріне деген сұраныс жоғары. Демек біз әрі қарайда байланысты бекемдеуге мүдделіміз.

Шығыс Қазақстан облысы да өңіраралық интеграцияға ерекше мән беріп қана қоймай, Ресейдің іргелес облыстарымен байланысты бекемдеген. Жыл басынан бері облыстың Ресеймен жасаған сауда айналымы да 108 пайызға артып, 660 млн долларды құрады. Көңіл көншітерлік көрсеткіштерді баяндаған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов форум аясында алдағы жоспарларымен бөлісті. Шығыс Қазақстан бәсекеге қабілеттілікті арттыру жолында бүгінгі заманға бейімделген. «Бұл ретте біз бір орында тұрып қалмауымыз керек», – дейді облыс әкімі.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгінде біз жаһандану дәуірінде өмір сүріп келеміз. Экономиканың әр саласы сандық трансформацияға көшкен заманда Қазақстан мен Ресейдің қарым қатынасы жаңа қарқынға ие болып отыр. Бұл ретте біз білім, туризм сондай-ақ медицина саласында ілкімді іс атқаруымыз тиіс. Алдағы мақсат – Еуразиялық экономикалық одақ аясында біріңғай сандық кеңістік құру. Мысалы біріңғай электронды денсаулық құжаты енгізілетін болса, науқас одақтың кез келген елінде жеке мәліметтерге қол жеткізе алатын болады.

Хабар 24 телеарнасы