375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстан мен Австрия арасындағы парламентаралық ынтымақтастық артады

  • 298
  • UPD: 23:15, 22.02.2019

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин алғаш рет Австрия Республикасына ресми сапармен барды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Кездесулердің басты тақырыбы – парламентаралық байланысты нығайту. Австрия Қазақстан үшін Еуропадағы негізгі әріптестердің бірі, сондықтан екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты дамыту маңызды. 

Қазақстан мен Австрия – бұрыннан сенімді серіктес, өзара байланысы нық әріптес елдер. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Австрия басшысының ресми сапарлары жан-жақты ықпалдастықты күшейтудің берік іргетасын қалады. Екі елдің осындай етене байланысы аясында, міне, енді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин парламентаралық қатынастар тарихында Австрияға алғаш рет ресми сапармен барды. Басты мақсат – екі тараптың парламент өкілдері арасындағы серіктестікті кеңейте түсу. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин Австрия парламенті ұлттық кеңесінің төрағасы  Вольфганг Соботкамен екіжақты келіссөздер жүргізді. Екі тарап бейінді комитеттер мен ынтымақтастық жөніндегі топтар деңгейінде ықпалдасу, заңнамалық тәжірибемен алмасу, екіжақты байланысты дамыту секілді бірқатар келіссөзге қол жеткізді. Ресми сапары барысында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы Мирослав Лайчакпен де кездескен спикер жаһанның бүгінгі қатерлерімен күресте парламенттер серіктестігін мығымдау қажеттігін атап өтті.

Нұрлан Нығматулин сондай-ақ Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының парламенттік ассамблеясының қысқы сессиясының отырысына да қатысты. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздік нығайтуға  бағытталған ауқымды бастамаларына айрықша тоқталды.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Өздеріңізге белгілі, Қазақстан 2010 жылы Астанада осы 100 жылдықта бір рет қана өткізілген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы саммитін ұйымдастырды. Сол саммитте қатысушы мемлекеттер Астана декларациясын қабылдап, еркін, демократиялық еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік қоғамдастығы жөніндегі ортақ көзқарасын ұсынды. Әлемдегі геосаяси жағдайдың қарқынды өзгеруіне байланысты Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1975 жылғы Хельсинки қорытынды актісін жаңарту қажеттігін ескеріп, стратегиялық құжаттың қабылданғанына 45 жыл толуына орай 2020 жылы Астанада қауіпсіздік және ынтымақтастық жөнінде конференция өткізуді ұсынды. Бүгін осы жоғары мінберде тұрып, Қазақстан Президентінің ұсынысын қолдағаны үшін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының парламенттік ассамблеясының басшылығына алғыс білдіргім келеді.

Мәжіліс төрағасы ұйымның қысқы сессиясында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Әріптестерін осы жылдың қыркүйегінде Астанада өтетін Еуразия елдері парламенттері басшыларының төртінші отырысына қатысуға шақырды. Бұл қазақстандық және австриялық парламент өкілдерінің өзара серіктестігін одан әрі нығайта түспек.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Жомарт Елеуов, Асқар Әбілдаев

Хабар 24 телеарнасы