386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысында шөп шабу науқаны кешеуілдеп басталды

  • 1535

Ертістің қос қапталын жағалай қоныстанған Павлодар облысының бірнеше ауданында шөп шабу науқаны енді басталды. Тұрғындар қысқы мал азығын дайындау бас ауруына айналғанын айтады. Ертістен аққан су әлі де шабындықтарға жайылып жатыр. Шаруа қожалықтары қырдың шөбін шапса, ауылдағы ағайын үшін мал азығы қымбатқа түсетін түрі бар.

Ертіс қойнауында шөп шабу науқаны биыл жылдағыдан кеш басталды. Бұған өзеннің жаз мезгілінде бірнеше рет тасуы себеп болған. Осының салдарынан шабындықтың бәрі су астында қалды. Фермерлер судың әлі күнге дейін тартылмағанын айтады.

Анатолий Конвишер 300 бас сауын сиыр ұстайды. Қыстан қысылмай шығуға бір жарым мың тонна пішен керек. Жылда осы уақытта шабындықты аяқтап, шөпті үйіп алатын шаруа биыл тек жартысын ғана жинап үлгерді.

Анатолий Конвишер, шаруа қожалығының басшысы:

- Шабындықтарды басып кеткен су бізге кедергі келтіріп отыр. Шабылған шөпті арғы бетке таси алмай отырмыз. Өзіңіз көргендей, біз шылқыған судың үстінде тұрмыз. Бұрын осы маңайдың бәрі шабылатын. Әйтеуір күн ашық болса, бір жөні болар дейміз. Күн суытып, үсік жүріп кетсе, далада қалады.

Айтуынша, шабылмай қалған алқаптарда өрт қаупі де жоғары болады. Шалшықты жерде жұмыс істеу техникаға да ауыр.

Рүстем Манабаев, механизатор:

- Биыл науқанды тым кеш бастадық. Қиындықты айтар болсам, жер дымқыл, шөп кеппей жатыр. Айналаның бәрі су, трактор тығылып қалады. Сондықтан шөптің көбі далада қалып жатыр.

Фермерлер тығырықтан шығатын жолды өздері тапқан. Қырда шөбін шауып үлгере алмай жатқандарға техникасын беріп, ақысын шөппен алады. Ақтоғай ауданы Өтес ауылында тұратын Тілен Көшкенбаевтың айтуынша, дәл осындай жағдай өткен ғасырдың 60-жылдары болған. Сол жылы Ертіс екі рет тасып, қарашаға дейін шөп шапқаны есінде.

Тілен Көшкенбаев, Ақтоғай ауданы Өтес ауылының тұрғыны:

- Күн жақсы болса түк етпейді. Бұрын ертеде қараша бойы біз шөп тасып жататынбыз. Қазір тасуға келмей тұр. Жер былқылдақ, күнде жауын, түнгі сағат екі жарымға дейін жауын жауды. Шығармайды, істетпейді.

Байболат Рахымжанов, ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік тану және механизация бөлімінің бас маманы:

- Осының әсері шөптің қымбаттауына әкеліп соғып жатыр. Осы мәселені шешу үшін қазір егін салатын аудандармен сабан дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Күнделікті ақпарат бойынша, ол жағынан жүйелі түрде жұмыс жүргізіліп жатыр.

Мамандар жағдайдың назарда екенін айтады. Жергілікті әкімдер су шайып кеткен өткелдерді қалпына келтіріп беріпті. Жалпы, Ертіс аңғарларында 261 мың гектар шабындық бар. Бүгінгі таңда оның 50%-ы орылыпты. Шөптің шығымы гектарына 25-30 центнерден келіп жатыр. Тек ауа райы құбылып тұр.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Алексей Амельницкий

Хабар 24 телеарнасы