386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар өңірінде егін ору науқаны аяқталды

  • 833

Павлодар облысы күзгі жиын-терім науқанын аяқтады. Биыл астық тұқымы себілген 673 мың гектар алқаптан 817 мың тонна өнім жиналды.

Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда едәуір жақсы көрсеткіш. Өнім көлемі жағынан Железинка ауданы алда тұр. Ең бастысы, бітік шыққан егінді шаруалар суыққа қалдырмай жинап үлгерді. Павлодардың бидайына қытайлық кәсіпкерлер қызығушылық танытты.

Астықты өткізу мен қабылдауда қиындық жоқ. Аймақта сыйымдылығы 470 мың тонна болатын 10 элеватор жұмыс істеп тұр. Облыс орталығында орналасқан 30 мың тонналық заманауи астық сақтау қоймасына барлық аудандардан бидай келіп жатыр.

Олег Ливиненко, серіктестік директоры:

- Біз қазір 15 мың тонна астық қабылдадық. Сары алтынға қойманың жартысын толтырдық. Астықты сақтау, кептіру қызметтерін көрсетеміз. Биыл алғаш рет Павлодар өңірінде өсірілген жүгеріні қабылдадық. Біз тауар өндірушіге өнімді сапалы түрде нарыққа шығаруына жағдай жасаймыз.

Серіктестік ұзақ жылдар бойы Тәжікстанмен жұмыс істеп келген. Енді астықты Қытайға экспорттауға қам жасап жатыр.

Олег Ливиненко, серіктестік директоры:

- Тәжік тұтынушылармен біз тұрақты жұмыс істеп келеміз. Қазір Қытай Халық Республикасымен келіссөздер жүргізіп жатырмын. Ол жақтан Қазақстанның, оның ішінде Павлодардың бидайына өте үлкен қызығушылық бар. Өйткені Павлодардың бидайы жоғары сапасымен танымал.

Тұтынушылар Павлодардың бидайын ұн тартуға ғана емес, төменгі сұрыпты өнімнің сапасын жақсарту үшін де алады. Жергілікті өнім осы ерекшеліктерімен құнды. Аймақта сондай-ақ жарма дақылдарының көрсеткіші өскен. Мәселен биыл 43 мың тонна қарақұмық жиналды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 есе жоғары. Әдетте майлы дақылдарды ору кешірек басталады. Биыл жоспар бойынша 140 мың тонна өнім алу межеленіп отыр.

Төлеген Көшербаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Бізге келіп түскен мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда астық ору жұмысы аяқталды. 674 мың гектар алқаптан 817 мың тонна өнім алдық. Бидайдың шығымдылығы шамамен гектарына 12,1 центнерден келіп отыр. Ауа райының қолайлы болуы мол өнім алуға жағдай жасады. Аудандар арасында Железинка ауданы жоғары көрсеткішке ие болды.

Павлодар облысының шаруалары биыл 400 мың тоннадан астам картоп, 200 мың тоннадай көкөніс және 52 мың тонна бақша дақылдарын жинады. Келесі маусымға жететін өнім көлемі тұрақтандыру қорында сақталады. Павлодардың астығы мен көнөніс-картобын бүгінде еліміздің көптеген аймақтары және көрші Ресей облыстары тұтынады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Арман Якубов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы