384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

А.Мамин мен Ч.Гаоли Қазақстан мен Қытайдың екіжақты ынтымақтастығы мәселелерін талқылады

  • 557

Қытай инвесторлары елімізге қомақты қаржы құюға дайын.

Шетелдік кәсіпкерлер «Қорғас Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағына инвестиция салып, жеңіл өнеркәсіптің жандануына үлес қоспақ. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин Бейжіңде қытайлық компания өкілдерімен кездесіп, жемісті келісімдер жасалды. 

Үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Мамин бастаған қазақстандық делегацияны Қытай Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Чжан Гаоли Ұлттық музейде қарсы алды. Кездесуде шекара маңы және аймақаралық ынтымақтастықты дамыту жайы сөз болды. Сонымен қатар, сауда-экономикалық, энергетикалық, индустриалды-инновациялық, ауыл шаруашылығы, телекоммуникация, көліктік-логистика салаларындағы қарым-қатынас талқыланды. Асқар Мамин бұдан бөлек жергілікті инвесторлармен жолығып, бірлескен жобаларды қарастырды.

Дин Жуй, «Ляньюньган порт» команиясының басқарма төрағасы:

- Бүгінгі кездесу біз үшін үлкен мүмкіндік болды. Себебі, «Ляньюньган» компаниясы қазақстандық әріптестермен ұзақ уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Біз бұл ынтымақтастықты әрі қарай дамытсақ дейміз. Азия мен Еуропаны жалғайтын жүк дәлізін бірлесіп саламыз деген ойдамын. Біз осы арқылы сауда айналымды арттырып, Орта Азия елдеріне теңізге шығу мүмкіндігін жасаймыз.

Инвесторлар «Қорғас Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағындағы бірқатар жобаға инвестиция салуға ниет танытып отыр. Туризм саласында жұмыс істейтін NagaCorp компаниясы қазақ жеріндегі қонақ үйдің құрылысына қаржы құймақ. Ал, Cathay Industrial Biotech Ltd. компаниясы бидай және жүгеріден жасалатын тоқыма өнеркәсібін дамытуға атсалыспақ.

Лю Сюцай, Cathay Industrial Biotech Ltd команиясының басқарма төрағасы:

- Бүгінгі кездесудің нәтижесіне көңіліміз толады. Біз Шыңжаң Ұйғыр автономиялық аймағында орналасқан зауытымызға Қазақстаннан азық-түлікке жарамсыз бидайды тасымалдаудың жай-жапсарын талқыладық. Сонымен бірге, Қазақстан жерінде салынатын тоқыма өндірісіне қатысты бірлескен зауыт салу жобасын қарастырдық.

Сонымен қатар, Қазақстан мен Қытай бірлескен ауыл шаруашылығы инвестициялық қорын құрады. Оған KAZNEX INVEST ұлттық агенттігі мен Азиялық-Тынық мұхит азық-түлік қоры арасындағы әріптестік туралы құжат негіз болады. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен CRRC корпорациясы арасындағы түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Авторлары: Нұрбек Бекен, Жаң Сүй

Хабар 24 телеарнасы