369,36 420.60 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Н.Назарбаев: Сауда-саттық саласындағы кедергілерді жою ТМД-ның экономикалық негізін нықтай түседі

  • 291
  • UPD: 22:11, 28.09.2018

Тәжікстан астанасы Душанбеде ТМД-ға мүше мемлекет басшылары кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24» арнасының тілшісі.

Оған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Әуелі шағын, кейін кеңейтілген форматтағы отырыстарда ой өрбіткен мемлекет басшылары бірқатар құжатқа қол қойды. Президенттер ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстармен бірігіп күресуге келісті. Сондай-ақ ұйымға мүше мемлекеттер ғарышты бейбіт мақсатта зерттеу мен пайдалану туралы мемлекетаралық конвенцияға қол қойды.

Бұл – ТМД тарихындағы мемлекет басшыларының 46-отырысы. Осы уақыт ішінде ТМД шынымен президенттер деңгейіндегі диалог алаңына айналды. Ұйымға мүше мемлекеттер бұл жолы тәжік астанасына жиналды. Бекер емес, ресми Душанбе бір жыл бойы ТМД-ға төрағалық етті. Талқыланар тақырып – аймақтағы ахуал. Мәселе бар ма, бар!

Бұл жолғы кеңестің төрағасы ретінде мемлекет басшыларын Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон қарсы алды. Достастыққа 11 ел мүше. Бүгін жиынға 8 елдің басшысы қатысты. Түркіменстан Президенті Гурбаноглы Бердімұхамедов бұл жолғы отырысқа елдің вице-премьерін жіберді. Ал бұл жиын қырғыз Президенті Сооронбай Жээнбеков пен Армения премьері Никол Пашинян үшін алғашқы. Мемлекет басшылары дәстүрлі суретке түсу рәсімін жасаған соң «Кохи Самон» үкімет резиденциясын жаяу бетке алды.

ТМД мемлекет басшылары отырысты шағын құраммен бастады. Алғаш болып Тәжікстан Президенті сөз алып, төраға кезеңінде атқарылған бір жылдық жұмыстың қорытындысын шығарды.

Эмомали Рахмон, Тәжікстан Республикасының Президенті:

- Тәжікстан ұйымға төрағалық еткен кезеңде салалар мен кеңестердің 40 шақты отырысы өтті. Олар терроризм, экстремизм, заңсыз есірткі айналымы, заңсыз миграция секілді қылмыс түрлерімен бірігіп күресуге бағытталды. Бүгінгі отырысқа Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Шәріпұлы Жээнбеков пен Армения Республикасының премьер-министрі Никол Воваевич Пашинян алғаш рет қатысып отыр. ТМД мемлекет басшыларының мүшесі ретінде сіздерді қарсы алуға қуаныштымын, алдағы жұмыстарыңызға табыс тілеймін.

Шағын құрамдағы отырыста жабық есік форматында өтті. Дегенмен күн тәртібі бойынша байланысты бекемдеу мәселесі талқыланып, ұйымның келесі төрағасын бекітті. Бұл міндетті мемлекет басшылары бір ауыздан Түрікменстанға тапсырды. Кеңейтілген отырыс екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуының 75 жылдығын атап өту мәселесі талқыланды. Бұл – осы отырған елдердің ортақ тарихы. Ал өткенді құрметтеу ләзім.

Михаил Швыдкой, РФ Президентінің халықаралық мәдени ынтымақтастық мәселелері жөнінде арнайы өкілі:

- Бұл құжат – әуелі ардагерлерге деген қамқорлық. Қазір барлық ТМД аумағында олардың саны 100 мыңға жетер-жетпес қалды. Бұл жоспардың біраз тармағы ардагерлердің материалдық жағдайын дұрыстауға, медициналық қызмет түрлері мен басқа да қажетті шаралардың тізімінен құралған.

Отырыс барысында Қазақстан Республикасының Президенті мемлекетаралық қатынасты тереңдете түсетін бірнеше перспективалы бағыты атап-атап көрсетті. «Сауда-саттық саласындағы кедергілерді жою ТМД-ның экономикалық негізін нықтай түседі», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ Елбасы аймақтың көлік-транзиттік әлеуетін толық пайдаланып, достастық елдері ғарыштық зерттеу жұмыстарына, цифрландыру мен туризм саласында серіктестікке екпін беру қажеттігін ерекше атап өтті. Бүгінгі отырыста Елбасының ғарыш саласындағы білімді ілгерілету ұсынысы бойынша құжат қабылданды. Мемлекетаралық конвенция ғарыш саласын бейбіт мақсатта зерттеу және пайдалануды көздейді.

Валентина Матвиенко, ТМД ПАА кеңесінің төрайымы:

- Бұл құжат ғарыштық зерттеу жұмыстарын бірігіп жүргізу, жерді қашықтан зондтау, навигациялық қамту, астероидты-кометалық қауіптің алдын алу, ғарыштық қызмет барысында экологиялық қауіпсіздікті сақтау мәселелерін көздейді. Сондай-ақ ғарышқа ұшу мен мамандар даярлау ісін де бірігіп жүргізуге арналған.

ТМД мемлекет басшылары кеңесінің бұл жолғы отырысында жалпы 20 шақты құжатқа қол қойылды. Олардың арасында ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыспен бірігіп күресу туралы келісім бар. Сондай-ақ тараптар 2019-2023 жылдарға арналған қылмыспен бірлесіп күресудің мемлекетаралық бағдарламасын қабылдауға шешім шығарды. Достастық елдері бірінші рет мұндай ұзақ мерзімге бірлескен бағдарламаны жүзеге асырмақ. Ал қырғыз тарапы кеңес отырысына гуманитарлық салада екі мәселені шығарды.

Қуанышбек Өмірәлиев, Қырғыз Республикасының ТМД жарғылық органдарындағы тұрақты өкілі:

- Біз кеңес отырысының осы отырысына екі ұсыныспен шықтық. Оның бірі – бәрімізге ортақ жазушы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығын атап өту, екіншісі – жақында ғана Ыстықкөл жағасында өткен көшпенділер ойыны туралы бастамалар. Мұндай шаралар аймақтар халқын мәдени жағынан жақындастыра түсетініне сенімдімін.

Сонымен, ТМД мемлекет басшылары кеңесінің 46-отырысы яқталды. Кеңеске қатысушылар бетпе-бет кездесіп, жүзбе-жүз сөйлесіп, қордаланып қалған мәселерді бірігіп талқылады. Кейбір сарапшылар ТМД өз функциясын толық орындап отырған жоқ деген пікір айтады. Алайда құрылғанына 27 жыл өткен ұйым өз өміршеңдігін дәлелдеді. Екіншіден, бүгінге дейін үзбей өтіп келе жатқан мұндай кездесулер ұйымның сұранысқа ие екенін көрсетті.

Бұл жолы да достастыққа мүше 11 елдің басшылары түгел жиналмады. Алайда бұл кеңеске кедергісін келтірген жоқ. Президенттер Душанбеден барлық салада байланысты ширата түсуге уағдаласып тарқасты. Ал келісіп пішкен тонның келте болмайтыны бар. Келесі кездесу – Ашхабадта!

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Әлібек Әлиев, Дулат Ентебеков

Осы категория бойынша: « Мемлекет басшысы Армения Премьер-министрімен кездесті Елбасы Шымкент қаласына жұмыс сапарымен барды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы