388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Made in KZ: Елімізде 28 нысан іске қосылды

  • 1330
  • UPD: 18:20, 11.12.2018
Made in KZ: Елімізде 28 нысан іске қосылды akorda.kz

Бүгін Астанада Индустрияландыру күні аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған» телекөпірі өтті.

Онлайн режимде бірқатар индустриялық, инфрақұрылымдық, аграрлық және цифрлық жобалар іске қосылды.

Телекөпір аясында Қазақстан Президенті «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» мен Қарағанды облысының катодты мыс өндіретін «Алмалы» кен орнындағы құрылысы аяқталған және өндіріс қуатына шығуға дайын «Sary-Arka Copper Processing» кәсіпорынын іске қосуға пәрмен берді.

Машина жасау және құрылыс индустриясы саласында Қазақстан президенті Павлодар облысындағы «Проммашкомплект» темір жол доңғалақтарын өндіретін кәсіпорынды онлайн-режимде іске қосты. Ол теміржол доңғалақтары өндірісін жылына 75 мыңнан 200 мыңға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Елбасы Шымкенттегі қуаты 110-220 кв трансформатор шығаратын «Asia Trafo» зауытын, Қызылорда облысындағы қуаты жылына 1 млн тонна болатын «Гежуба Шиелі Цемент» Қазақстан-Қытай инвестицялық жобасын іске қосты.

Мемлекет басшысы телекөпір аясында сондай-ақ, Алматыдағы қуаты жылына 550 мың тонна қоқыс өңдейтін «Green Recycle» ЖШС кешенін және Петропавлдағы қажетті халық тұтынатын тауарлар мен полимерлерді толық циклда қайта өңдейтін «Радуга» ЖШС металл пластикалық бұйымдар зауытын іске қосты.

Телекөпір барысында «KEGOC» АҚ 500 килоВольттық «Семей-Ақтоғай-Талдықорған-Алматы» желісін іске қосты, сондай-ақ Ақтөбе облысында қуаты 300 млн. м3 болатын Қожсай кен орнында «Gas Processing Company» ЖШС ілеспе мұнай газын қайта өңдеу жобасы жұмыс істей бастады.

«Баламалы энергетика» саласында «Samruk Kazyna – United Green» ЖШС Жамбыл облысында қуаты 100 МВт болатын Қазақстан-Британ бірлескен жобасы - «Бурное» күн электр станциясын пайдалануға берді. Сонымен қатар, Маңғыстау облысының Түпқараған ауданындағы «KТ Редкометальная компания» ЖШС бірлескен кәсіпорны жел энергетикасының бірінші кезеңі іске қосылды (43,6 МВт).

Телекөпір барысында аграрлық сектор бойынша заманауи қондырғылармен жабдықталған «Карат» ЖШС (Атырау облысы) автоматтандырылған диірмені, қуаты жылына 50000 тонна ет өндіретін соңғы жылдары аграрлық саладағы ірі жобалардың бірі Макинск (Ақмола облысы) құс фабрикасының бірінші кезеңі, сондай-ақ Арқалық қаласындағы ет өңдейтін «Торғай Ет» ЖШС кешені пайдалануға берілді.

Бұдан бөлек, тамақ өнеркәсібі саласында Mareven Food Holdings трансұлттық холдингі Алматы облысында ұнды терең өңдейтін және тамақ өнімдерін дайындайтын зауыт салды. Түркістан облысында түйе мен бие сүтін өңдейтін «Golden Camel Group LTD» ЖШС кәсіпорны іске қосылды. Онда құрғақ сүт, балалар тағамы және энергетикалық сусындар әзірленеді.

Телекөпір барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «5 әлеуметтік бастаманың» бірі ретінде Астананы газдандыру жобасындағы Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана бағыты бойынша ұзақтығы 1061 км болатын және жылына 2,2 миллиард текше метр газ өткізу мүмкіндігі бар «Сарыарқа» газ магистралінің 1-ші кезеңін іске қосуға пәрмен берді.

Сондай-ақ, Президент онлайн режимде республика тарихындағы алғашқы концессиялық жоба – Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы құрылысының барысын бақылады. Онда 3 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, Президент Батыс Қазақстан облысындағы елімізді Ресеймен және Шығыс Еуропамен байланыстыратын Орал-Тасқала автожолы учаскесінде автокөлік қозғалысын ашты.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асырудың арқасында Шығыс Қазақстан облысының Озерка ауылы мен Жамбыл облысына қарасты Өрнек ауылының тұрғындары кең жолақты интернетке қол жеткізді. Цифрландыру аясында Екібастұзда Орталық Азиядағы ең ірі дата-орталық, Қостанайда еліміздегі ең цифрлы диірмен кешені - «Бест Костанай» ЖШС іске қосылды. Астанада модем, коммутатор және автоматты цифрлы телефон станциясын өндіретін «DigitalSystemServis» ЖШС зауыты құрылды. Алматыда прибор жасау және радиоэлектроника инновациялық «Kaz Tech Innovations» ЖШС зауыты іске қосылды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы жүк әуе тасымалы саласында e-Freight және «Қазпошта» компаниясының фулфилмент-орталық қағазсыз құжат айналым ақпараттық жүйесінің жұмысын, «ҚазТрансОйлдың» мұнай тасымалдауды басқару digital-жүйесін іске қосты.

Индустрияландыру бағдарламасы іске асырылған жылдары барлығы 6,6 трлн теңгеден астам соманың 1148 жобасы іске қосылып, 107 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Соның ішінде индустрияландырудың бірінші бесжылдығында (2010-2014 жылдар) Индустрияландыру картасы аясында 3 трлн теңгенің 770 жобасы іске қосылып, 76 мың тұрақты жұмыс орны ашылды.

Индустрияландырудың екінші бесжылдығы басталғалы (2015-2017 жылдар) 3,1 трлн теңгенің 378 жобасы іске қосылып, 31 мың тұрақты жұмыс орны ашылды.

2018 жылы жалпы сомасы шамамен 1,2 трлн теңге болатын 100 нысан қатарға қосылып, 13 мың адамға жұмыс берілді.

Хабар 24 телеарнасы