389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігіне 7 міндет жүктеді

  • 791
  • UPD: 20:06, 17.04.2019

Елімізде ұрлық-қарлықтың үлесі артып барады. Қылмыс деңгейі де төмендемей тұр. Мұндай деректер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Ішкі істер министрлігінің алқа отырысында айтылды. Мемлекет басшысы бұл тұрғыда арнайы бағдарлама барын, бірақ әлі де заңды қатаңдату керектігін ескертті. Сондай-ақ жиында есірткі бизнесінің кең етек алып бара жатқаны сөз болды. Әсіресе, жасөспірімдердің есірткіге әуестігі алаңдатады.

Бүгінгі Қазақстанның Ішкі істер құрамы 150 мыңнан астам қызметкерден тұратын күрделі сала. Соның 80 мыңы – тәртіп сақшысы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған Ішкі істер органдарындағы үлкен өзгерістер жалғаса береді. Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Ішкі істер министрлігінің алдына жеті міндет жүктеді. Соның алғашқысы – ашықтық.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Полиция әрқашанда ашық болуы тиіс. Ол үшін қоғаммен диалог қажет. Бұл мақсатта біз Елбасы бастап берген ішкі істер органдарын реформалау жобасын жалғастыратын боламыз. Полицейлермен байланыс өздеріңіз білетіндей, біріншіден, халықтың 102 call-орталықтарға хабарласуларынан басталады. Халықтың өтінішіне қарағанда, наразылықтар да бар. Бұл халықтың айтқанына салғырт қарау, полиция жасағының уақытылы жіберілмеуі, кей кезде тіпті осы call-орталығына хабарласу мүмкін емес. Бұндай кездерде халықтың шағым айтатын жері болмайды. Бұған қоса азаматтардың наразылығына әкімдіктер аса әрекет етпейді. Сол себепті, құрметті министр, сізге call-орталықтардың жұмысы жөніндегі сұрақтарды, қоғаммен байланысты жеке бақылауыңызға алуды тапсырамын.

«Менің полициям мені қорғайды» деген қанатты сөзді бүгін біз қаймықпай айта аламыз ба? Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев елдегі қауіпсіздік деңгейі 7,6% төмендеді дегенмен, ұрлық-қарлық өршіп тұр. Ол елде жасалатын қылмыстың 70% құрайды. Ұялы телефон, көлік айнасын ұрлау секілді факторлар полицияға деген сенімді селдіретіп тастағаны анық. Әсіресе, автоұрылардың қолынан қаза тапқан қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өлімін халық ұмытпайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл деген ұят нәрсе! Бұндай құқықбұзушылық халықтың наразылығын тудырады. Өздеріңіз жақсы білесіздер, дәл осындай ұрлықтың салдарынан былтыр танымал спортшы, қоғам қайраткері Денис Тен көз жұмды. Биыл осындай қылмыскерлердің кесірінен Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин зардап шекті. Абырой болғанда, бұл оқиға өлімге немесе жарақат алуға дейін апарған жоқ. Ал қылмыстың ізі суымай ашылды. Бірақ бұндай заңбұзушылықтың жалғасып жатқандығы Ішкі істер министрлігінің басшылығы мен жалпы елдің басшылығын алаңдатпай қоймайды. Полиция қызметкерлері тек танымал тұлғалармен болған оқиғаларда ғана емес, барлық жағдайларда тиімді әрекет жасағандығы маңызды. Криминалдың бұл түрі не себепті сақталып, белең алып келе жатқандығын анықтау керек. Себебі неде? Бұл ретте арам ниетті полицейлердің қатысы бар ма екен?

«Қазақтың бір міні – мал ұрлығы» депті Абай. Әлі де солай. Барымташылар басынып барады. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев барымташылыққа баратындарға заңды қатайтуды тапсырды. Себебі, кейбір көрші елдерде мал ұрлығы Қылмыстық кодектің жеке бабымен жазаланады. «Бізге де осы тәжірибені енгізу керек», - деді Президент. Мемлекет басшысы екпін қойған тағы бір мәселе – есірткімен күресті күшейту.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біздің тұрғындарды есірткі қылмысы да алаңдатып отыр. Есірткіні сату мен алу жеңілдей түсті. Кез келген жасөспірім оны интернет арқылы тауып ала алады. Кез келген тұрғын үйлердің маңында жасырын жарнаманы, арнайы сайттардың сілтемесін, QR-кодтарды көруге болады. Оны біздің қалалардағы үйлердің қабырғаларында кездестіреміз. Яғни, бұл ұйымдастырылған криминалды бизнес. Осы жерде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің осы қылмыстық істе сыбайлас екендігі бар деген ойлар туындайды. Біздің балалардың денсаулығы жайында сөз қозғалғандықтан бұндай іс-әрекетке жол берілмеуі керек. Есірткі таратумен айналысуға қатысы бар тұлғаларды жазалауды заң жүзінде қатаңдату жағын қарастыру қажет. Мен полицияға бұл проблеманы жоюды міндеттеймін. Қолға тек жылдам әрекеттерді ғана емес, сондай-ақ жалпы заманауи технологиялық арсеналды алуды тапсырамын.

Қазақстанда 4,3 млн көлік тіркелген. Ел бойынша орнатылған 3 743 бейнебақылау камераларының көмегі болар, өткен жылы жол-көлік апаты 7% азайды деген дерек бар. Бірақ, бұл біз үшін аз. Бүгін Президенттің өзі көңіл көншітпейтін көрсеткіштерді айтып берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстанда жол-көлік апатынан қайтыс болу мүмкіндігі Еуропа елдеріне қарағанда 11 есеге көп. Біз бұл проблеманы көптің алдында Парламентте де, Үкіметте де талқыладық. Алайда, мәселе шешілмеген күйінде қалып отыр. Жыл сайын жол-көлік апатынан 10 мыңнан астам адам көз жұмады. Бұндай адам шығынын ірі қарулы қақтығыстар мен соғыстардағымен салыстыруға болады. Жолдардағы қауіпсіздікті арттыру үшін мен Ішкі істер, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне, әкімдіктерге қозғалысты бақылайтын интеллектуалды жүйелерді енгізу мен инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне қатысты қажетті шараларды қолдануды тапсырамын.

Қоғамдық тәртіпті күзетуге күн сайын 13,5 мың адам жұмылдырылады. Бүгін Президент кәмелетке толмағандар арасындағы қылмысты төмендетуді тапсырды. Ішкі істер қызметкерлерінің тағы бір міндеті – халықты түрлі табиғи апаттардан қорғау, төтенше жағдайдан аман алып қалу. Өткен жылы төтенше жағдай барысында 4 мың қазақстандық құтқарылды. Апат аймағынан 22 мыңнан астам азамат аман шықты. Бұл бағыттағы жұмысқа көңілі толатынын білдірсе де, Президент төтенше жағдайдың алдын алуға басымдық беріңдер дей келе, жетінші міндетпен түйіндеді. Ол – кадр саясаты.  

Алқа отырысы барысында сала министрі Ерлан Тұрғымбаев саладағы негізгі көрсеткіштерді Президентке баяндап берді. «Нұр-Сұлтан мен елдің басқа да қалаларын туристер мен инвесторлар үшін қауіпсіз етуге барымызды салып жатырмыз», - дейді сала басшысы. Ол үшін арнайы туристік полиция құру туралы ұсынысын да жеткізді. Жиын соңында Мемлекет басшысы жаңа леппен жұмыс жасауға шақырды. Қауіпсіз Қазақстан, заң үстемдігі, бюрократиядан арылу әділетті қоғам құрудан басталады. Ал бүгін жүктелген жүгі жеңіл емес жеті міндеттің орындалуын тағы сол уақыт көрсетеді.

Авторлары: Жасын Біркенов, Гүлжан Марқабаева

Хабар 24 телеарнасы