387,38 428,91 6.08
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бес жылда елордада 50 мектеп салынады

  • 197
  • UPD: 18:35, 01.11.2019

Алдағы 5 жылда елордада 50 мектеп салынады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Үш ауысымдық білім ошақтарын азайту және қала халқының өсу қарқынына ілесу үшін осындай жоспар бар. Сондай-ақ елорданың жол, су, газ инфрақұрылымы ретке келтірілуі қажет. Бүгін Мемлекет басшысы қаладағы бірқатар нысанды аралады. Кейін өндірістік инновациялық компаниялардың біріне барып, еңбеккерлермен жолықты.

Елордада халық саны жыл сайын артып келеді. 1 млннан астам тұрғын бар. Мектеп, аурухана, спорт кешендері жетіспейді. Бүгін Президент барған нөмірі 23-орта мектеп 1966 жылы салынған. 335 бала оқуы тиіс білім ошағы екі ауысымда жұмыс істейді. Оқушы саны екі есе көп. 834 бала. Мектеп шағын болғандықтан, шәкірттер мүмкіндіктерін толық көрсете алмайды. Ал мұғалімдер білген-түйгенін үйретуге асық. Ұстаздар қауымы толғандарын сұрақтарын Мемлекет басшысына қойды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мен мәселеге қанықпын. Қысқа мерзімде жаңа мектеп салу жөнінде тапсырма бердім. Сіздер жақын арада сонда жұмыс істеуге мүмкіндік аласыздар.

Биыл елордада 6 мектеп салынды. Үш ауысымды 8 білім ошағы бар. Тапшылық – 20 мың орын. Келер жылы 12 мектеп пайдалануға беріледі, дейді жергілікті әкімдік. Сол арқылы орынға деген сұраныс екі есе азаюы тиіс.

Алтай Көлгінов, қала әкімі:

– Негізгі кешенді жоспар бойынша 50 мектеп саламыз. Сонымен бірге 5 жылдың ішінде. Халықтың саны тез өсіп жатыр. Сосын демографияға байланысты. Салмасақ, шеше алмаймыз. Сіздің тапсырмаңыз бойынша Үкіметпен жоспарға бекіттік. 16 елді мекен бар. Соның бірі ең үлкені осы жерде. 40 мың халық тұрады. Негізі осындай елді мекендерде 280 мың адам тұрады. Ол – 25 процент.

Елорда бойынша денсаулық сақтау нысандарына да тапшылық көбейді. Тұрғын үй алаптары инженерлік инфрақұрылыммен енді ғана қамтылып жатыр. Үш жылдық арнайы бағдарлама әзірленді. Соған сай әлеуметтік және әкімшілік нысандарға 38, ал инфрақұрылымды дамытуға 96 млрд теңге жұмсалуы тиіс.

Алтай Көлгінов, қала әкімі:

– Міне, негізгі үш мәселеге бөлдік. Жол, әлеуметтік нысандардың жетіспеушілігі, өзіңіздің тапсырмаңыз бар, спорт нысандары, сосын абаттандыру. Қала халыққа ыңғайлы болу керек деген тапсырмаңызға сәйкес, қазір осы жоспарды бекіттік. Келесі жылы 11 көше. Газ тарту, аялдамалар да жасау қажет. 6 мектеп, 4 спорт нысанын саламыз.

Ал бұл – астаналық отбасыларға «бір терезе» қағидаты бойынша заңгерлік, психологиялық, әлеуметтік қызмет көрсететін «Жанұя» орталығы. Бұл жерде денсаулық сақтау, білім беру, кәсіпкерлік, атаулы әлеуметтік көмек алу және тұрғын үй бағдарламаларының орындалуы жайында кеңес беріледі. Орталық бастамаларын жоғары бағалаған Мемлекет басшысы мекеменің тәжірибесін еліміздің барлық аймақтарына енгізу қажеттігін айтты. Сонымен қатар «Кәсіпкер ана» жобасының қатысушыларымен жолықты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бастамаларыңызды толық қолдаймын. Алда атқаратын жұмыстарыңыз көп. Ең маңыздысы - алғашқы қадам жасау. Мемлекет және жергілікті әкімдік қолдауын аямайды. Біздің елде жұмыс істеп, жетістікке жеткісі келетін адам – оның жолын іздейді және табады. Бір сөзбен айтқанда, іздеген жетер мұратқа.

Әлия Балмағамбетова, «Кәсіпкер ана» жобасына қатысушы:

– Мен көп балалы анамын. «Кәсіпкер ана» жобасы бойынша өз ісімді ілгерілету жағын үйреніп жүрмін. Психологиялық көмек аламын, тәжірибемді арттырамын. Мұнда өзіңе қажеттіні табасың. Оған қоса, үйде отырып та біліміңді арттыра бересің. Қазақстандық әйелдер қауымын осы жобаға қатысуға шақырамын.

Президент бүгін сондай-ақ кәсіби тігін жабдықтарын құрастырып, жеткізетін арнайы киімдер мен тұрмыстық және техникалық бұйымдар шығаратын мекеменің жұмысымен танысты. Президент шығарылатын өнімдердің сапасы мен сұранысқа ие болуын оң бағалап, компанияның экспорттық әлеуетіне назар аударды. Мекемеде 460 адам жұмыс істейді, соның 45-і әлеуметтік әлсіз топ өкілдеріне жатады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Сіздердің фабрикаларыңызды үлкен қызығушылықпен аралап шықтым. Шын мәнінде, бұл – қажетті әрі озық өнім шығаратын және жақсы жабдықталған әлеуметтік-жауапты кәсіпорын. Ең бастысы, мұнда сіздер сияқты ісмер адамдар жұмыс істейді.

Президент кәсіпорын қызметкерлерінің еңбегі тұтас ел үшін маңызды екенін айтты. Себебі мұнда дайын өнім шығарылады. Ал бұл – ел экономикасының келешегі.

Авторы: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы