423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде бірқатар өңір карантинге жабылды

  • 320
  • UPD: 15:24, 09.11.2020

Қостанай, Павлодар мен Петропавл қалаларына кіріп-шығуға шектеу қойылды. Шекараларда бекеттер орнатылып, барлық жолаушы қатаң тексерістен өткізілуде.

Мұндай шаралар өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың күрт нашарлауымен байланысты. Әсіресе, Солтүстік Қазақстан облысынан өзге қалаларға шығатын жолаушылардың қолында ПТР-тестілеудің теріс нәтижелі анықтамасы болуы керек. Осындай талап бүгін күшіне еніп отыр.

Карантиндік шаралар енгізілген алғашқы облыстардың бірі Солтүстік Қазақстан өңірі болды. Бүгіннен бастап облыс орталығы мен жергілікті аудандар арасында қатынау оңайға түспейді. Қазір бұл жерде полиция қызметкерлері кезекшілік атқарып жатыр. Тек қолында теріс нәтижелі ПТР-тестілері барлар ғана бекеттен өте алады. Ал азық-түлік, дәрі-дәрмек тасымалдаушыларына жасыл дәліз ұйымдастырылды. Сондай-ақ қалалар мен аудандарға қатынайтын қоғамдық көліктер тоқтады. Ауданда тұрып, облыс орталығында жұмыс істейтіндерге арнайы анықтама қағазы берілген. Жергілікті азық-түлік дүкендерінің жұмыс кестесі қысқартылды. Енді олар таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін жұмыс істейді. Тұрғындарға түнгі уақытта бейберекет жүруіне тыйым салынған. Санитарлық талаптарды сақтамағандарға айыппұл салынады.

Айдын Байматов, облыстық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы:

- Медицина, коммуналдық қызмет салаларының қызметкерлеріне өтуге болады. Бірақ олардың қолдарында анықтама қағазы болуы қажет. Ол анықтама қағазында қызметкердің аты-жөні жазылып, басшылықтарының қолы, мөрі қойылуы керек. Бүгіндікке 5 карантиндік бекет құралды. Оның төртеуі Петропавл қаласының кіре берісінде. Бір карантиндік бекет Жезқазған – Петропавл тас жолының 935-шақырымында қойылған. Жалпы, бір тәулікте осы бес карантиндік бекетте 60 полиция қызметкері қызметтерін атқарады.

Қостанай облысында да вирусты жұқтырғандардың көбеюіне байланысты карантин шараларын күшейтуге тура келді. Бүгіннен бастап мұнда 12 санитарлық бекет қойылды. Олардың төртеуі Ресей Федерациясымен шекаралас аумақтарда орналасқан. Қалғаны Жітіқара мен Қостанай аудандарында орнатылды. Мұнда барлығы 94 адам кезекшілік етеді. Олар Қостанайға кіріп шыққан көліктерді түгелдей тексереді. Техника қозғалысына ешқандай шектеу жоқ. Жүргізушілерден арнайы рұқсат қағазы талап етілмейді. Қостанайдан Қарағанды мен Алматыға қатынайтын жолаушылар пойызы аптасына үш рет жүретін болды. Демалыс күндері қоғамдық көлік жүрісі тоқтатылып, азық-түлік сататындардан басқа сауда орындары істемейді. Сонымен қатар кешкі сағат 9-дан таңғы 6-ға дейін тұрғындардың себепсіз көшеге шығуына тыйым салынды.

Арман Бектұрсынов, патрульдік полиция инспекторы:

- Егер жүргізуші мен жолаушылардан дене қызуы анықталса, дәрігерлер жүргізуші мен жолаушыны госпитальге жеткізеді. Ал біз жүргізушінің автокөлігін арнайы автотұраққа қоямыз.

Павлодар облысында карантиндік шектеулер алынғаннан кейін коронавирус инфекциясы қайта өрши бастады. Павлодар арқылы өтетін транзиттік бағыттар өте көп. Басқа мемлекеттерге қыдырып барып келгендерден де ауру белгілері табылып жатыр. Сол себепті өңірге кіре беріс жолдарға өткізу бекеттері орнатылды. Облыс орталығына кіретін барлық адам жіті тексеріледі. Блок бекеттерде полиция, медицина қызметкерлері мен қала әкімдігінің өкілдері кезекшілік етіп жатыр.

Светлана Гладышева, Павлодар қаласы әкімінің орынбасары:

- Карантиндік шектеу күшіне енген сәттен бастап қалаға кіріп шыққан көліктердің саны 500-ден асты. Қарашаның 9-ынан 11-іне дейін адамдар қала аумағына қолдарындағы анықтамаларын көрсетіп кіре береді. Ал сәрсенбіден бастап арнайы сайт іске қосылады. Қалаға келе жатқан адамдар міндетті түрде тіркелуі тиіс болады. Ондағы мәліметтер Халыққа қызмет көрсету орталығына жіберіледі. Біздің өкілдеріміз олардың қалаға кіріп-шығуын реттеп отырады.

Шығыс Қазақстан да қауіпті аймақтар қатарында. Өңірде санитарлық бекеттер қарашаның бірінен бастап жұмыс істеп жатыр. Риддер, Серебрянск, Жаңа Бұқтырма кенттеріндегі эпидемиологиялық жағдай ушығып барады. Мұнда 700-ге жуық адамнан індет анықталған. Сол себепті бұл елді мекендерге кіріп шығу қатаң бақыланатын болды. Қазір өңірде барлығы 16 бекет орнатылған.

Авторы: Дариға Ташенова

Хабар 24 телеарнасы