369.54 425.20 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтаулық оқушы ұялы телефон аккумуляторынан энергия алудың қауіпсіз әдісін ойлап тапты

  • 610
  • UPD: 19:41, 10.02.2018

Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары республикалық «Зерде» байқауында топ жарды.

Бас-аяғы 500 бала қатысқан сайыста маңғыстаулық өрендер әзірлеген жобалар көпшілікті тәнті етті. Биология және физика пәндері бойынша оқушылар ойлап тапқан жаңалықтарды қазылар алқасы жоғары бағалап, авторлары бірінші орындарға ие болды.

7-сынып оқушысы Аружан Нұрлан сабақтан бос уақытын Каспий жағасында өткізгенді ұнатады. Толқын жағалауға шығарып тастаған теңіз балдырын жинап, құрамын зерттеп келеді. Өзіне тән иісі бар өсімдік ыстық күндері баяу кебеді. Демек тыңайтқышқа айналдыруға болады. Осыны түсінген оқушы оны шалғам өсіруде қолданып көреді. Екі аптада балдыр араласқан топырақта жасыл желек өсіп шыққан соң өз жобасын білім байқауына ұсынып, сәтті қорғап шықты.

Аружан Нұрлан, НЗМ оқушысы:

– Теңіз балдырын алдымен кептіріп алдым. Кейін сумен жуып 0,5 пайыздық тұз қышқылымен өңдедім. Ағаш ұнтағын салған соң топырақпен араластырдым. Нәтижесі көңілімнен шықты. Шалғамнан бөлек үй өсімдіктері де жақсы өсіп тұр.

Жас биолог Ернар Өмірзақтың да авторлық жобасы «Зерде» байқауында топ жарды. Артериялық гипертония дертіне шалдыққан ағасы көп жылдар бойы диета ұстанып келген екен. Зерек оқушының ақылымен бірнеше апта бөдене жұмыртқасын жеген соң науқастың қан қысымы қалыпқа келіпті.

Ернар Өмірзақ, НЗМ оқушысы:

Ол адамды емдеуге бізге үш апта кетті, барлығы 120 жұмыртқа. Бастапқы екі аптада біз екі жұмыртқадан бердік. Соңғы аптасында үш жұмыртқадан бердік. Емделу басталғанда оның артериалдық қысымы 160/95 болған. Зерттеу қорытындысында 100/80-ге түсті.

Республикалық сайыстың келесі жеңімпазы Ғалымжан Идрисов. Ол ұялы телефон аккумуляторынан энергия алудың қауіпсіз әдісін ойлап тапты. Бүгінде жас өнертапқыштар кезекті білім байқауларын бағындыруға қызу дайындық үстінде.

 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы