365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысындағы ауылда оқушылар озық робот техникасына қол жеткізді

  • 357
  • UPD: 09:53, 16.04.2018

Ауылда цифрлық технология кабинеті ашылды. Қостанай облысының Әулиекөл ауданының оқушылары енді заманауи робот техникасы құрылғыларын пайдалана алады.

Бұл орталықты жасақтауға қажетті қаржылай шығынды жергілікті кәсіпкерлер көтеріпті. Осылайша іскер азаматтар «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сүбелі үлес қосып отыр.

Цифрлық кабинетті жабдықтауға қаржы құйған кәсіпкерлер - салтанатты сәттің басты меймандары. «Оқушылар үшін сатып алынған озық технологиялар – келешекке салынған инвестиция. Шаруашылықты өрге бастыратын білімді маман мектеп партасынан қалыптасуы керек» дейді олар.     

Төленді Оспанов, шаруашылықтың атқарушы директоры: 

- Цифрландыру тек ғана мектепте емес, бұл бүкіл салада болуға тиіс деп ойлаймын. Балалар үйренсін, балалар – біздің болашағымыз. Ертең бірі басқа салаға кетер, бірі ауыл шаруашылығына келер, мұнсыз алдағы уақытта болашағымыз болмайды деп түсінемін.

Жалпы құны 8 млн теңгеден асатын кабинет Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептің ғимаратында орналасқан. Алайда аудан орталығындағы барлық білім мекемелері үшін есігі ашық. Информатика пәнінен қосымша сабақ, үйірмелер осында өтпек.

Маралбек Нығыметжанов, информатика пәнінің мұғалімі:

- Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осындай мүмкіндікке ие болып жатырмыз. Бұрын телевизордан ғана көретін болсақ, енді қолымызбен ұстап, сондай мүмкіндікке жетіп жатырмыз. Жаңа 3Д принтерін әкеліп жатыр. Біз сонымен жұмыс істейміз алдағы уақытта. 

Ауыл балғындарының қуанышында шек жоқ. Бұған дейін қала оқушылары ғана пайдаланатын робот құрылғыларын енді олар да пайдалана алады.

Ілияс Ғалым, мектеп оқушысы:

- Робот техниканы толық білу үшін физиканы, математиканы және информатиканы жетік білу керек. Робот құрастыру барысында сабақта өткен тақырыптарыңды практикада жасай аласың. Мен келешекте техникалық мамандыққа түсуді армандаймын. 

Цифрлық технология сыныптары облыстағы барлық аудан орталықтарында ашылмақ. Әулиекөлдегі кабинет - жыл ішінде жұмысын бастаған 22-нысан. 

Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедияров

Осы категория бойынша: « Маңғыстау облысындағы мектептерде Ә.Кекілбаевқа арналған сыныптар ашылды Қарағанды техникалық университеті 4 мыңнан астам студент қабылдайды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы